Қазақстан өңірлерінде Ұлттық қор қаражаты есебінен 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны және 50-ге жуық білім беру, спорт пен мәдениет мекемесі салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Президенттің айтуынша, Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен оны пайдалану арасында теңгерім сақталуы керек. Қаражат қоғамға барынша пайдалы жобаларға жұмсалуға тиіс.
«Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру», – деді Президент.
Ол тиісті жобаларды жүзеге асыруға тәжірибесі мол әрі материалдық-техникалық мүмкіндігі бар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының барысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Алдымен өңірлерде перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың қажеттіліктеріне сай спорт залдары бой көтереді.
Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады.
«Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.