Оның айтуынша, мәслихат депутаттары халықтың тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
Алдағы саяси науқан аясында еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау көзделген. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Бұған дейін, 12 қазанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Құжатқа сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс сайлауды тағайындау, сондай-ақ оны дайындау мен өткізуге қатысты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді. Ал 24 қыркүйекте Халық кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жариялаған еді. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл шешім мәслихаттардың кәсіби әрі білікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, олардың жұмысына жаңа серпін береді.