Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр. Алайда әзірге нақты шешім қабылданбаған.
Қазіргі уақытта 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасында ең төменгі жалақыны 85 мың теңге деңгейінде сақтау қарастырылған. Үкімет жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасын қарастырғанымен, олар бюджет жобасына әлі енгізілмеген.
«Жақын арада нәтижелері жарияланады деп ойлаймын. Бірақ нақты мерзімін айта алмаймын», – деді Серік Жұманғарин.
Журналистер министрден бұған дейін ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі бюджет жобасы бірінші оқылымға шығарылғанға дейін талқыланатыны айтылғанын еске салды. Бұған жауап ретінде Жұманғарин бюджет үш оқылымнан өтетінін және мәселені талқылауға әлі уақыт бар екенін жеткізді.
«Бұл – жақын болашақта шешілетін мәселе. Егер жалақы көтерілсе, өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енеді», – деді ол.
Ең төменгі жалақы қаншаға өсуі мүмкін?
Қазақстанда ең төменгі жалақы 2024 жылдан бері 85 мың теңге деңгейінде сақталып келеді. Бұған дейін оны 110 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылған. Ал 2026 жылы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бұл көрсеткішті 150 мың теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан.
Серік Жұманғариннің сөзінше, жалақыны көтеру туралы түпкілікті шешім бюджет мүмкіндігіне байланысты болады.