Қызылордадағы жол апаты: баласынан айырылған әйелдің кемі он жері сынған - ол әлі ауыр хәлде
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстанда алтын мен күміс өндіруге болатын миллиардтаған тонна қалдық бар -депутат

Қазақстанда алтын мен күміс өндіруге болатын миллиардтаған тонна қалдық бар -депутат
ашық дереккөз

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Марат Шибутов Қазақстандағы техногендік минералдық түзілімдерді түгендеп, оларды қайта өңдеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеу барысында ондаған жыл бойы жиналған өндірістік қалдықтардың елеулі қоры бар. Оларды қайта өңдеу жаңа кен орындарын игеруге кететін шығындарды азайтып, экономикаға қосымша пайда әкелуі мүмкін.

Қазақстанда 55 млрд тонна техногендік түзілім бар

Марат Шибутовтың депутаттық сауалында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024 жылғы 1 қаңтардағы деректері келтірілген. Оған сәйкес, Қазақстанда техногендік минералдық түзілімдер (ТМТ) орналасқан 1 747 нысан бар. Оларда шамамен 55 млрд тонна қалдық жиналған.

Оның басым бөлігі — құрылыс саласында пайдалануға жарамды аршынды жыныстар. Ал қалдықтардың бір бөлігінде пайдалы компоненттер бар. Депутаттың пікірінше, мұндай материалдарды қайта өңдеу қосымша шикізат алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік өндіру XIX ғасырдың екінші жартысында басталған. Содан бері кен байыту кезінде миллиардтаған тонна қалдық жиналған. Бұрын кен құрамындағы пайдалы компоненттердің мөлшері жоғары болғанына қарамастан, сол кездегі технологиялармен өңдеуге келмеген кейбір материалдар үйінділерге шығарылған.

Депутаттың айтуынша, уақыт өте келе қалдықтарда жүретін геохимиялық процестер пайдалы компоненттердің шоғырлануына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар кен алдын ала ұсақталған күйде жер бетінде жатқандықтан, оны қайта өңдеу кей жағдайда жеңілірек болады.

Қандай кен қалдықтарын қайта өңдеуге болады?

Марат Шибутов депутаттық сауалында Қазақстандағы бірнеше ірі техногендік минералдық түзілімді мысалға келтірді.

Олардың қатарында:

Ақтөбе облысындағы Дон тау-кен байыту комбинатының хром қалдықтары;

Жамбыл облысындағы Шолақтау, Жаңатас және Көкжон кен орындарының фосфорит қалдықтары;

Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногор кен байыту фабрикасының алтын-күміс қалдықтары;

Түркістан облысындағы Қазығұрт станциясы маңындағы шлак үйінділеріндегі фосфор қалдықтары;

Жезді кен байыту фабрикасының марганец қалдықтары;

Шығыс Қазақстан облысындағы Чашинск алтын қалдықтары қоймасы;

Жәйрем тау-кен байыту комбинатының марганец үйінділері;

Қарағанды облысындағы Қоңырат кенішінің мыс қалдықтары;

Qarmet кәсіпорнының жалпы көлемі шамамен 800 млн тоннаға жететін үйінділері бар.

Депутаттың мәліметінше, Qarmet қалдықтарының ішінде домна өндірісінен қалған шамамен 21 млн тонна және болат балқыту өндірісінен шыққан 46 млн тонна қалдық бар.

Қалдықтарды қайта өңдеу тәжірибесі бар

Қазақстанда техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеудің мысалы ретінде Ақмола облысындағы жобалар аталды.

Депутаттың сауалында 2017–2018 жылдары «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық комбинатына тиесілі Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кеніштерінің құрамында алтыны бар қалдықтарын өңдейтін үш фабрика іске қосылғаны жазылған. Олардың жалпы қуаты жылына 7 млн тонна болған.

Депутат бұл тәжірибе қалдықтарды қайта өңдеудің экономикалық тиімділігін көрсететінін атап өтті. Мұндай жобалар кәсіпорындарға пайда әкеліп, бюджетке салық түсіруге, инвестиция тартуға және қосымша алтын өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік үйінділер орналасқан жерлерді босатуға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етуі мүмкін.

Депутат министрлікке қандай ұсыныс жасады?

Марат Шибутов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне үш ұсыныс жолдады.

Біріншіден, техногендік минералдық түзілімдерді түгендеу үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуымен жұмыс тобын құру қажет.

Екіншіден, жиналған қалдықтарды мемлекет меншігіндегі және жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарға тиесілі нысандарға бөліп, олардың меншік мәртебесін нақтылау ұсынылды.

Үшіншіден, мемлекет меншігіндегі техногендік минералдық түзілімдерді игеру үшін жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын әзірлеу қажет.

Депутаттың пікірінше, осы шаралар өндірістік қалдықтарды экономикалық айналымға енгізуге, жаңа инвестициялық жобаларды дамытуға және елдің минералдық-шикізат қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі