Мемлекет басшысы Қазақстан үшін «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Президенттің айтуынша, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда көлік инфрақұрылымын дамыту, шекара маңындағы сауда-логистика кешендерінің әлеуетін пайдалану және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өңірдегі елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтарын өзара байланыстыру қажеттігін жеткізді.
– Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресеймен ынтымақтастықтағы маңызды бағыт
Президент Қазақстанның халықаралық транзит жүйесіндегі орнын нығайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударды. Соның ішінде Ресеймен ынтымақтастық аясындағы «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің өзектілігін атап өтті.
– Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі Ресей мен Каспий өңірін Иран және одан әрі оңтүстік бағыттағы нарықтармен байланыстыруға арналған. Қазақстан бұл бағыттағы транзиттік тасымалдарға қатысу арқылы өзінің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейте алады.
Аталған дәліз Қазақстан үшін жүк тасымалы бағыттарын әртараптандыру, халықаралық сауда байланыстарын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру тұрғысынан маңызды.
Қазақстанда жаңа теміржол бағыттары іске қосылады
Мемлекет басшысы ел аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі теміржол жобалары туралы да айтты.
Оның сөзінше, Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал 2027 жылы Бақты – Аягөз бағытын ашу жоспарланып отыр.
– Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары Орта дәлізге деген сұраныс артып келеді.
Осылайша, Қазақстан бір мезгілде бірнеше халықаралық көлік бағытын дамытуға назар аударып отыр. Олардың қатарында Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий дәлізі де, Ресеймен және оңтүстік бағыттағы елдермен сауда қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік беретін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі де бар.
Бұл жобалар Қазақстанның халықаралық тасымал жүйесіндегі рөлін арттыруға және өңір елдері арасындағы экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған.