KZNEWS.KZ
Экономика

Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енді: бұл нені білдіреді?

• Жарқын Омаров
Фото: istockphoto.com

Рейтингте еліміз Даниядан (36-орын), Біріккен Араб Әмірліктерінен (37-орын), Оңтүстік Африка Республикасынан (38-орын), Норвегиядан (39-орын), Сауд Арабиясынан (40-орын), Пәкістаннан (42-орын) және Ираннан (46-орын) жоғары орналасқан.

Бұл қандай рейтинг?

Рейтинг мемлекеттердің халықаралық аренадағы қуаты мен ықпалын көрсетеді. Оны жасау кезінде экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық, халықаралық одақтар және әскери әлеует сияқты көрсеткіштер ескеріледі.

Осылайша, рейтинг елдің экономикалық ауқымын ғана емес, оның әлемдік аренадағы ықпалы мен беделін де бағалауға бағытталған.

Посткеңестік елдер арасында Қазақстан нешінші орында?

Рейтингке енген посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр. Ресей 11-орынға жайғасқан.

Ал Украина 51-орын, Литва 56-орын, Беларусь 57-орын, Өзбекстан 71-орын, Латвия 74-орын, Эстония 75-орын, Армения 80-орын және Грузия 91-орын алған.

Рейтингтің алғашқы ондығына кімдер кірді?

Алғашқы үш орынды Қытай, АҚШ және Үндістан иеленді. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия кірді.

Қазақстанның 34-орынға орналасуы рейтингте қолданылған көрсеткіштер бойынша еліміздің халықаралық аренадағы ықпалы мен әлеуетіне берілген бағаны көрсетеді.

Қазақстанның халықаралық ықпалы артып келеді

Қазақстанның әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енуі еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық әлеуеті мен стратегиялық маңызының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл туралы экономист Бауыржан Ысқақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттің экономикалық ықпалы тек жалпы ішкі өнім көлемімен немесе табиғи ресурстарымен өлшенбейді.

«Экономикалық тұрғыдан алғанда, мемлекеттің ықпалы тек жалпы ішкі өнім көлемімен немесе табиғи ресурстармен өлшенбейді. Оның әлемдік саудадағы орны, инвестициялық тартымдылығы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері, энергетикалық қауіпсіздікке қосатын үлесі мен халықаралық экономикалық байланыстары да үлкен рөл атқарады», – деді экономист.

Бауыржан Ысқақов Қазақстанның географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуеті елдің халықаралық экономикадағы орнын нығайтуға мүмкіндік беретінін айтады.

«Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын географиялық орналасуы, табиғи ресурстық әлеуеті, агроөнеркәсіптік мүмкіндіктері мен транзиттік бағыттарды дамытуға басымдық беруі еліміздің халықаралық экономикалық жүйедегі маңызын арттырады», – деді ол.

Сонымен қатар, экономист халықаралық рейтингтегі жоғары орын нақты экономикалық нәтижелермен бекітілуі керек екенін айтты.

«Халықаралық рейтингте жоғары орынға ие болу нақты экономикалық нәтижелермен бекітілуі керек. Ол үшін шикізат экспортына тәуелділікті азайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнімнің қосылған құнын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау қажет. Инвестицияны жаңа технологияларға және жұмыс орындарын ашуға бағыттау маңызды», – деді Бауыржан Ысқақов.

Экономистің пікірінше, елдің халықаралық аренадағы ықпалы ең алдымен азаматтардың өмір сапасынан көрінуі тиіс.

«Ең бастысы, Қазақстанның халықаралық ықпалы қарапайым азаматтардың өмір сапасынан көрінуі керек. Халықтың нақты табысы өсіп, еңбек өнімділігі артып, сапалы жұмыс орындары көбейіп, экономикалық мүмкіндіктер ауыл мен қала тұрғындарына бірдей қолжетімді болғанда ғана бұл жетістіктердің нәтижесін сезінуге болады», – деді ол.

Сондай-ақ Бауыржан Ысқақов Президенттің экономикалық реформалары алдағы уақытта оң нәтиже береді деген сенім білдірді.

«Бұл Президенттің экономикалық реформаларының жемісі. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, оның игілігін еліміздің барлық азаматы көреді деп сенемін», – деп түйіндеді экономист.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →