Қазақстан Legatum Prosperity Index 2026 халықаралық рейтингінде 161 елдің арасында 66-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдегі ең бақуатты 70 мемлекеттің қатарына енгенін білдіреді, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған рейтинг елдердің даму деңгейін тек жалпы ішкі өнім немесе экономикалық өсім арқылы ғана емес, азаматтардың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштер бойынша бағалайды. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқаты, денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық еркіндік, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігі, қауіпсіздік пен ұзақ мерзімді даму мүмкіндіктері ескеріледі.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар, экономиканы әртараптандыру, көлік-транзиттік әлеуетті дамыту, өнеркәсіпті кеңейту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және институттардың сапасын арттыру елдің рейтингтегі позициясының нығаюына ықпал еткен.

Рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан өңірдегі ең жоғары нәтижені көрсетті:
Қазақстан – 66-орын
Қырғызстан – 87-орын
Өзбекстан – 94-орын
Тәжікстан – 129-орын
Түрікменстан – 150-орын
Осылайша, Қазақстан Қырғызстаннан 21, Өзбекстаннан 28, Тәжікстаннан 63, ал Түрікменстаннан 84 саты жоғары орналасқан.
Сонымен қатар, халықаралық рейтингте Қазақстан Катарды (78-орын), Бахрейнді (80-орын), Мексиканы (85-орын) және Түркияны (102-орын) да басып озды.
Legatum Prosperity Index – елдердің экономикалық мүмкіндіктерімен қатар, азаматтардың өмір сүру сапасы, қоғамдық институттардың тиімділігі және ұзақ мерзімді тұрақты даму әлеуетін кешенді түрде бағалайтын халықаралық зерттеу. Рейтинг нәтижелері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң өзгерістердің бар екенін көрсетеді.