«Қазақмыс» Тобы тау-кен және металлургия кәсіпорындарының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруда. Жұмыс аясында тұрмыстық корпустар, жатақханалар, асханалар, жуынатын бөлмелер, медициналық пункттер және жұмыскерлердің күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ететін өзге де нысандар жөнделуде, деп хабарлайды kznews.kz
«Jezqazgan Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің кәсіпорындарындағы 17 нысанда жөндеу жұмысы аяқталды. Атап айтқанда, Батыс Жезқазған кенішінде 73-75-шахтаның тұрмыстық корпусы жөнделіп, жылы өткел қалпына келтірілді, сондай-ақ медициналық тексеруден өткізетін автоматтандырылған жүйе орнатылды. Оңтүстік Жезқазған кенішінде әкімшілік-тұрмыстық корпустың тұрмыстық бөлмелері мен шатыры жаңартылды. Ал Жомарт кенішінде тұрмыстық корпустар, терезе және есік блоктары жөндеуден өтті.
Балқаш өңірінде «Balqash Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің 6 нысанында жөндеу жұмысы аяқталды. Саяқ кенішінде «Тастау» асханасы, жуынатын бөлмелер мен сауна жөнделіп, желдету жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ Балқаштың өндірістік алаңдарында киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер және әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар жөндеуден өтті.
Шатыркөл алаңында әкімшілік-тұрмыстық және тұрғын үй-жайлар, медициналық пункт, кір жуатын орын мен тамақтану бөлмесі жаңартылды.
Қарағанды өңірінде «Qaragayly Tau-ken ondirisi» өндірістік бірлестігінің 6 нысанында жөндеу жұмысы аяқталды. Қарағайлы байыту фабрикасында асхана мен жуынатын бөлме жаңартылды. Қажықонған және Абыз кеніштерінде тұрғын модульдер мен өндірістік-тұрмыстық үй-жайлар жөндеуден өтті.
«Kazakhmys Smelting» кәсіпорындарында Балқаш мыс балқыту зауытының санитарлық-тұрмыстық үй-жайларына және Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехындағы жуынатын бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Жөндеу жұмысы басқа да өндірістік алаңдарда жалғасуда. Олардың қатарында Жомарт кенішіндегі 330 орындық жатақхана, Жезқазған байыту фабрикаларының тұрмыстық корпустары мен медициналық пункті, Нұрқазған, Абыз және Саяқ кеніштерінің әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлары, сондай-ақ байыту фабрикалары мен жөндеу бөлімшелерінің нысандары бар.
Тұрмыстық нысандарды жаңарту жұмыскерлерге ауысым кезінде қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұл медициналық тексеруден өту мен жұмысқа дайындалудан бастап, тамақтану, демалу және жеке гигиена талаптарын сақтауға дейінгі күнделікті қажеттілікті қамтиды.
Қазақмыс үшін қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету тек өндірістік учаскелермен шектелмейді, жұмыскерлердің күнделікті тұрмыстық ортасын да қамтиды. Бағдарламаны іске асыру компания кәсіпорындарындағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың жай-күйін кезең-кезеңімен жақсартуға мүмкіндік береді.