Маңғыстау облысында Каспий теңізінде жоғалып кеткен 18 жастағы Азамат Дүйсеханды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға Ақтау қаласынан шамамен 46 шақырым жерде орналасқан теңіз жағалауында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт туған күнін достарымен атап өткеннен кейін теңізде жоғалып кеткен. Содан бері құтқарушылар мен еріктілер оны іздестіру жұмыстарын тоқтатқан жоқ.
Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде кең тараған «қазан тастау» ырымын жасаған. Халық арасында суға батып кеткен адамның денесі ұзақ уақыт табылмаса, суға қазан тастап, ол ағыс бойымен марқұм жатқан жерге тоқтайды деген сенім бар.
Дегенмен, бұл ырымның ғылыми негізі жоқ және оның тиімділігі дәлелденбеген.
Қазіргі уақытта Азамат Дүйсеханды іздеу жұмыстары жалғасуда. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі оның жақындарына қолдау білдіріп, іздеу жұмыстарының нәтижелі аяқталуына тілектестік танытып жатса, енді бірі аталған ырымға қатысты түрлі пікірлерін білдіруде.