KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Каспийдегі трагедиядан аман қалған Ақжолдың анасы әсерлі жазба жариялады

• Қайсар Қанат
Фото-коллаж: kznews.kz

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін Ақжол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген кезде де досы Азаматтың беретін қолынан тастамаған.

"Ол жан досы Азаматтың беретін қолынан тастамай, жедел жәрдем көлігінде өзіне көмек көрсетуге келген фельдшерлерге де: "Азаматтың беретін бермеймін…" – депті", – деп жазды Самал Кеуелова.

Ақжол қабылдау бөліміне түскеннен кейін де беретті ешкімге бермей, оны досына өзі табыстағысы келетінін айтқан.

"Азаматтікі… Өзім беремін", – деп ұстапты", – дейді сарбаздың анасы.

Самал Кеуелованың сөзінше, кейін дәрігерлер де бұл жағдайды көзіне жас алып айтып берген.

"Мен анализ ала алмадым… Беретін бермей, бәрімізді жылатты", – деген медицина қызметкерлері.

Ақжолдың анасы осы жағдайдан кейін балаларына әрдайым адал дос жолықсын деп тілейтінінің мәнін бұрынғыдан да терең түсінгенін жазды.

"Өйткені шынайы достықтың қадірін Ақжолдың қолындағы сол берет үнсіз-ақ айтып тұрғандай… Аллама мың да бір шүкір, менің баламның, біздің отбасымыздың, енді бүкіл халықтың өмірінде Азаматтың барына", – деп жазды ол.

Самал Кеуелова жазбасының соңында қаза болған Азаматқа арнап жүрекжарды сөздерін жеткізді.

"Азамат балам… Жатқан жерің жайлы болсын. Сенің есімің де, достығың да, жарқын бейнең де біздің жүрегімізде мәңгі сақталды. Сен ұмытылмайсың… Өйткені сен бір ананың баласы ғана емес, бір достың жүрегінде мәңгі қалған адал доссың", – деді ол.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →