6–12 тамыз аралығында Ақтау қаласында Каспий маңы елдерін – Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанды біріктірген Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық экология апталығы өтуде, деп хабарлайды kznews.kz.
Экология мен Каспий теңізін қорғау мәселесін бірнеше жылдан бері тұрақты түрде көтеріп келе жатқан «Жаңа адамдар» қозғалысының AntiTrash азаматтық науқаны биыл да халықаралық алаңға қатысып, өз бастамаларын таныстырды.

Бұған дейін қозғалыс халықаралық RES2026 экологиялық саммитіне қатысып, оның қорытындысы бойынша Caspian Sea Action Week 2026 өткізу жөніндегі халықаралық меморандумға қол қоюға атсалысқан болатын. Сондай-ақ «Каспийді сақтаймыз» бастамасы іске қосылып, ол Баку қаласында өткен WUF13 дүниежүзілік форумында таныстырылды.

«Жаңа адамдардың» бұл бастамалары азаматтық белсенділіктің халықаралық деңгейге көтеріліп, Каспий теңізін сақтау жолында түрлі елдердің күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік беретінін көрсетеді.