KZNews.kz
Экономика

Кәсіпкерлерге 1 наурызға дейін салық режимін таңдау міндеттеледі

Жарқын Омаров
Фото: bis-acc.ru

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін таңдауды жоспарлаған кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама жолдауы тиіс, деп хабарлайды kznews.kz.

Биыл күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, арнаулы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылды. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жеке режим, шағын бизнес үшін — оңайлатылған декларация, ал фермерлер үшін бөлек салық режимі қолданылады.

Оңайлатылған декларация бүгінде шағын және орта бизнес үшін негізгі режимге айналды. Бұл режим жылдық табысы 2,5 млрд теңгеден аспайтын кәсіпкерлерге арналған және салықты жылына екі рет төлеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, Салық кодексінің 840-бабына сәйкес кәсіпкерлер өзіне сәйкес келетін режимді таңдап, 2026 жылғы 1 наурызға дейін тиісті хабарлама беруі қажет. Егер көрсетілген мерзімге дейін хабарлама жолданбаса, салық төлеуші арнаулы салық режимінен айырылып, жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне өтеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға хабарлама тапсырудың қажеті жоқ. Олар тек мобильді қосымша арқылы чек беріп отыруы тиіс. Бұған дейін патент немесе мобильді қосымша негізінде жұмыс істеген тұлғалар автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне ауыстырылады. Бұл режимді қолдану мерзімі алғашқы чек берілген күннен басталады. Фермерлер де тиісті салық режиміне автоматты түрде көшіріледі.

"Салық режимін таңдау туралы хабарламаны бірнеше тәсілмен жолдауға болады: салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз нұсқада немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Сонымен қатар, 2025 жылы салық режимін таңдаған кәсіпкерлер де хабарламаны қайта тапсыруы тиіс. Себебі Салық кодексіне сәйкес, хабарламалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қабылданады. Бұған дейін жіберілген өтінімдер жарамсыз деп танылады, сондықтан оларды қайта рәсімдеу қажет. Қазіргі таңда 450 мыңға жуық кәсіпкер салық режимін таңдау туралы хабарлама жолдап үлгерген. Бұл жұмыс күн сайын жалғасып жатыр", - дейді ол.

Комитет өкілдерінің айтуынша, арнаулы салық режимдері ең алдымен микро және шағын бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жүйе 2001 жылдан бері қолданыста және кәсіпті енді бастаған азаматтар үшін қолайлы жағдай жасайды. Аталған режим аясында салықты есептеу жеңіл, табыстың 2–4 пайызы көлемінде ғана төлем жасалады, бухгалтерлік есеп жүргізу талап етілмейді. Кәсіпкерлерге жарты жылда бір рет оңайлатылған декларация тапсыру жеткілікті.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары