Kazinform тілшісі мамандардың зерттеуіне сүйеніп, биылғы жылы күздің себептерін, өткен жылдардағы температура рекордтарын және алдағы қысқа қатысты болжамды зерделеді, деп хабарлайды kznews.kz
«Экология және климат мониторингі орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сарапшылары Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында биылғы қарашадағы ауа температурасын өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырды.
Мамандардың мәліметінше, Астанада 1–20 қарашада ауаның орташа температурасы +1,3 градус болды. Бұл – климаттық нормадан 5 градусқа жоғары.
- Астанада қарашаның алғашқы 20 күнінде ауа температурасы күн сайын нормадан жоғары болды. Қалыпты көрсеткіштен ең үлкен ауытқу 6 қарашада байқалып, ауа температурасы +13,5 градусқа дейін көтерілді. Ал 21 қарашада +7,5 градус тіркеліп, сол күнге тиесілі температура рекорды жаңарды, - делінген орталық жауабында.
Алматыда осы кезеңдегі орташа температура +7,2 градус болған. Бұл – климаттық нормадан 3,1 градусқа жоғары. Әсіресе 8–10 қарашада күн ерекше жылы болды. Мәселен, 9 қарашада ауа температурасы +22,3 градусқа жетіп, осы күні бұрын тіркелген ең жоғары көрсеткіштен асты. Ал 10 қарашада тәуліктік орташа температура климаттық нормадан 11,4 градусқа жоғары болған.
Дегенмен айдың ортасына қарай Алматыда күн суытты. 11 қарашада суық ауа келіп, бір тәулікте 42 мм жауын-шашын болған. Бұдан кейін 12–17 қарашада ауа температурасы нормадан төмен бағамды көрсетті.
Астана мен Алматыдағы 2026 жылғы 1–20 қараша аралығындағы тәуліктік орташа температура және климаттық норма.
Ең жылы қараша қай жылы тіркелді
Орталық сарапшыларының айтуынша, биыл қараша әдеттегіден жылы өтіп жатқанымен, әзірге айлық температура рекорды жаңарған жоқ. Мәселен, Астанада 2023 жылы қарашаның алғашқы 20 күнінде ауаның орташа температурасы +3,1 градус, ал 2010 жылы +2,7 градус болған. Биыл осы кезеңде +1,3 градус тіркелді. Елордада ең жылы қараша 2023 жылы тіркелген. Сол жылы айлық орташа температура +2,2 градусқа жеткен.
Ал Алматыда биылғы қарашаның алғашқы 20 күніндегі орташа температура 2010 және 2023 жылдардағы көрсеткіштермен шамалас. Екі жылы да осы кезеңде +7,1 градус тіркелген. Сарапшылар деректердің дәлдігін ескере отырып, арадағы 0,1 градус айырмашылықты елеулі деп санауға болмайтынын айтады.
Орталық мамандарының мәліметінше, Қазақстан бойынша ең жылы қараша 2025 жылы тіркелген.
- Былтыр қарашада еліміз бойынша ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 8,74 градусқа жоғары болды. Сол айда 193 метеостанцияда айлық температура рекорды жаңарды. Әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде күн ерекше жылы болды, - делінген орталық жауабында.
Сарапшылар биылғы қарашаға түпкілікті баға беруге әлі ерте екенін атап өтті. Өйткені айдың соңғы онкүндігі, әдетте, қарашаның ең суық кезеңі саналады.
Астана мен Алматыдағы қарашаның алғашқы 20 күніндегі орташа температура: өткен жылдармен салыстыру.
Мамандардың есебінше, 1950–2025 жылдары қарашадағы орташа температура Астанада әр он жыл сайын 0,63 градусқа, Алматыда 0,52 градусқа көтерілген.
Бір қызығы, осы 76 жылдық бақылау кезеңіндегі Астананың ең жылы төрт қарашасы соңғы 16 жылда тіркелген. Олар – 2010, 2013, 2023 және 2025 жылдар.
Сарапшылар қарашадағы ауа температурасының тұрақты өсуін климаттың ұзақ мерзімді жылынуымен байланыстырады. Олардың айтуынша, Эль-Ниньо мен Ла-Нинья құбылыстарының қайсысы байқалғанына қарамастан, биылғыдай жылы қараша жиілеп келеді.
Орталық мамандары жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты деректерді де келтірді. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сәйкес, биыл қаңтар–қыркүйекте Жер шарындағы орташа температура өнеркәсіптік революцияға дейінгі деңгейден шамамен 1,47 градусқа жоғары болған.
Қазақстанға жылы ауа қайдан келді
Орталық сарапшылары қарашаның басындағы жылы күндерді атмосферадағы ауа ағындарының бағытымен түсіндіреді.
Мамандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры В. Сальников ұсынған карталарға сүйенеді. Онда 5–5,5 шақырым биіктіктегі ауа ағындарының бағыты көрсетілген.
Осы деректерге сәйкес, қарашаның басында Иран мен Арабия түбегінен Қазақстанның солтүстігіне үздіксіз жылы ауа келіп тұрған. Ал Арктикадан келетін суық ауаның оңтүстікке қарай жылжуы қиындаған.
Сарапшылар Қазақстандағы жылы күндер өте күшті Эль-Ниньо құбылысымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Эль-Ниньо кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде су температурасы әдеттегіден жоғарылайды. Бұл құбылыс әлемнің түрлі аймағындағы ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшеріне әсер етуі мүмкін.
Орталық мамандары АҚШ-тың Мұхиттық және атмосфералық зерттеулер жөніндегі ұлттық басқармасының (NOAA) 12 қарашадағы мәліметін келтірді. Оған сәйкес, биылғы Эль-Ниньоның 1950 жылдан бергі ең күшті көрсеткішке жету ықтималдығы - шамамен 60 пайыз.
Дегенмен Дүниежүзілік метеорология ұйымының түсіндіруінше, бұл құбылыстың қаншалықты күшті екеніне қарап, оның жекелеген елдер мен өңірлердегі салдарын бірден анықтау мүмкін емес.
Эль-Ниньоның әсері бар ма
Орталық сарапшылары ғылыми зерттеулерге сүйеніп, Эль-Ниньо кезінде Орталық Азияның оңтүстік-батысына Араб теңізі мен тропиктік Африкадан ылғалды ауа келуіне жағдай қалыптасатынын айтады. Мұндай байланыс әсіресе күз бен көктемде айқын байқалады. Биыл қарашада Қазақстанға келген ауа ағынының бағыты осы ғылыми түсіндірмеге сәйкес келеді. Дегенмен бұл – қарашада күннің жылы болуына міндетті түрде Эль-Ниньо себеп болды деген сөз емес.
Орталық мамандары 1950–2025 жылдардағы деректерді зерделеп, Астана мен Алматыда қараша айында тіркелген орташа температураны Эль-Ниньо көрсеткіштерімен салыстырған. Зерттеу нәтижесінде бұл құбылыс пен қарашадағы ауа температурасы арасында статистикалық тұрғыдан маңызды байланыс анықталмаған.
- Күшті Эль-Ниньо байқалған жылдары қараша өте жылы да, суық та болған. Мәселен, 2023 жылы қараша өте жылы болса, 1997 және 2015 жылдары суық болған. Ал Астанадағы ең жылы қарашаның бірі тіркелген 2010 жылы, керісінше, күшті Ла-Нинья байқалған, - дейді орталық мамандары.
Ла-Нинья – Эль-Ниньоға қарама-қарсы табиғи құбылыс. Бұл кезде Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде су температурасы әдеттегіден төмендейді.
Орталық сарапшыларының мәліметінше, «Қазгидромет» те 1951–2025 жылдардағы деректерді зерттеп, Қазақстандағы ауа температурасы мен Эль-Ниньо арасында тұрақты байланыс жоқ деген қорытындыға келген. Алайда бұл құбылыстың еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жылдың суық мезгілінде түсетін жауын-шашын мөлшеріне ықпалы байқалады.
Мамандардың айтуынша, Эль-Ниньо биыл Қазақстанға оңтүстіктен жылы ауа келуіне ықпал еткен болуы мүмкін. Бірақ қолда бар деректер қарашаның жылы болуын тек осы құбылыспен байланыстыруға негіз бермейді. Оның ықпалын нақты анықтау үшін биылғы және өткен жылдардағы ауа ағындарының бағыты мен ылғалдың таралуын қосымша зерттеу қажет.
Алдағы қысқа болжам
Орталық сарапшылары «Қазгидрометтің» алдын ала болжамына сүйеніп, 2026–2027 жылғы қыс әдеттегіден жылы болуы мүмкін екенін жеткізді.
Болжам бойынша, желтоқсанда ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа, қаңтарда 1–2 градусқа, ақпанда 1–3 градусқа жоғары болуы ықтимал. Желтоқсан мен ақпанда кей жерлерде жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.
Мамандар күшті Эль-Ниньоның ықпалын ескере отырып, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында қыс пен көктемде жауын-шашын мөлшері артуы ықтимал екенін атап өтті.
Дегенмен сарапшылар бұл алдын ала жасалған болжам екенін, нақты күн райы одан өзгеше болуы мүмкін екенін ескертті.