KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қанат Ниязбековтің отбасы мәлімдеме жасады

• Қайсар Қанат
Қанат Ниязбеков. Фото: видеодан кадр

Туыстары алдымен қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

«Қанат Серікқалиұлы Ниязбековтің отбасы атынан сарбаздардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген мәлімдемеде.

Отбасы өкілдері Қанат Ниязбековтің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болғанын және аталған оқу-жаттығудың оның басшылығымен өткенін растаған.

Алайда туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Ниязбеков қалада болмаған. Ол ресми іссапарда болып, оның міндеттері басқа жауапты тұлғаларға жүктелген.

«Асығыс қорытынды жасамау өте маңызды. Сол жаттығулар кезінде Ниязбеков, қолда бар ақпаратқа сәйкес, ресми іссапарда болған және жаттығулардан өз бастамасымен қалмаған. Бұл фактіні тергеу барысында объективті түрде тексеру қажет», – делінген мәлімдемеде.

Отбасы бұл жайттың сотқа дейінгі тергеу аясында жан-жақты қаралуын сұрады.

Сондай-ақ туыстары қоғамды соттың түпкілікті шешімі шыққанға дейін Қанат Ниязбековке қатысты алдын ала қорытынды жасамауға шақырды.

«Қазіргі уақытта біз сот шығарған үкімді емес, айыптауларды талқылап жатырмыз. Сондықтан қоғам бұл адамды соттамас бұрын барлық мән-жайлар мен дәлелдемелер анықталғанша күткенін қалаймыз», – делінген мәлімдемеде.

Отбасы істің әділ әрі объективті қаралып, қайғылы оқиғаға нақты әрекеті немесе шешімі себеп болған тұлғалардың жауапкершілігі анықталуы тиіс деп есептейді.

Еске салайық, 6 қазанда Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды. Кейін сот оның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қанат Ниязбековке қатысты соттың заңды күшіне енген үкімі әзірге жоқ.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →