KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Қайыршыдан мен ақша сұраймын ба?”: Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовтың көмек сұрағанын айтты

• Айжан Сыланова
Фото: әлеуметтік желіден

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2020 жылы Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін және оның Қазақстандағы билікті ауыстыруға қатысты ұсынысын қабылдамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Президенттің сөзінше, Әблязов Қырғызстанның тәжірибесін мысалға келтіріп, Қазақстандағы билікті өзгертуге бағытталған әрекеттерді ұйымдастыру үшін Бішкекке келуге рұқсат сұраған. Алайда Жапаров көрші елдің ішкі ісіне араласпайтынын айтып, ұсыныстан бас тартқан.

Сондай-ақ ол Әблязовтан ақша сұрады деген ақпаратты жоққа шығарды. Телефон арқылы сөйлесу небәрі екі минутқа созылғанын айтып, мұндай көмекке мұқтаж болмағанын жеткізді.

«Ақша сұрады дегені бос әңгіме. Өзі қазақ елінен Франциядағы жеке өміріне ақша сұрап жүрген қайыршыдан мен неге ақша сұраймын? «Қайыршыдан ақша сұрады» дегеннің өзі қисынға келмейді», – деді Садыр Жапаров.

Қырғызстан басшысы 2020 жылғы оқиғалар кезінде халықтың қолдауына ие болғанын айтып, қаржылай көмек сұрауға ешқандай негіз болмағанын атап өтті. Ол жұртшылықты тексерілмеген ақпаратқа сене бермеуге шақырды.

Әзірге Мұхтар Әблязовтың бұл мәлімдемелерге қатысты пікірі жарияланған жоқ.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →