Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылғы президент сайлауына қатысты бұрын ойластырған жоспарын жария етті. Оның айтуынша, бір кезеңде ол сайлауға екінші рет түспей, Қамшыбек Тәшиевтің кандидатурасын қолдауды көздеген. Бұл туралы Жапаров журналист Әли Тоқтақұновқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жапаровтың сөзінше, ол Тәшиев ел басқаруға дайын болса, президенттік қызметті соған тапсырып, өзі саясаттан шегінуді жоспарлаған.
"2027 жылы менің алты жылдық президенттік мерзімім аяқталған соң, Қамшы осы жауапкершілікті алуға дайын болса, сайлауға екінші рет қатыспаймын деп ойладым. Ол президент болып, мен зейнетке кетемін деген жоспар болған", – деді Садыр Жапаров.
Қырғызстан басшысы бұл ойын Тәшиевтің өзіне де алдын ала айтқанын жеткізді. Президент оған сайлауға дайындалуды, айналасындағы адамдарды реттеп, өз командасын қалыптастыруды ұсынған.
Алайда кейін Жапаров бұл жоспарынан бас тартқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Тәшиевтің айналасындағы кейбір адамдардың әрекеті мен ел ішінде топтасу белгілері оған ұнамаған.
Жапаров елдің солтүстік пен оңтүстік болып бөлінуіне жол бермейтінін айтып, осындай жағдайлардан кейін Тәшиевті мемлекеттік қызметтен босату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Соған қарамастан, Қырғызстан президенті Тәшиевпен жеке достығы сақталатынын айтты.
"Ол менің досым болып қала береді. Бірақ алдағы уақытта оны қандай да бір мемлекеттік қызметке тағайындау жоспарымда жоқ", – деді Жапаров.
Президент сонымен бірге Тәшиевтің ҰҚМК басшысы ретінде бірнеше жыл нәтижелі жұмыс істегенін және елдің дамуына үлес қосқанын да атап өтті.
Бұған дейін Қамшыбек Тәшиевтің өзі 2027 жылғы президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген еді.
Ал 14 тамызда Садыр Жапаров 2027 жылғы президент сайлауына өзі қатысатынын ашық айтты. Оның сөзінше, бастаған реформаларын аяқтау үшін екінші мерзімге баруы керек.