KZNews.kz
Жаңалықтар

Кабинетінде қыз зорлады деп сотталған экс-полицей тағы сотқа тартылды

Жарқын Омаров
Фото: zhetysu.gov.kz

11 жылға сотталған Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев колониядан Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді. Даудың нысаны – экс-полицейдің қызметтік пәтері, деп хабарлайды kznews.kz.

Күштібаевтың отбасын үйден шығару: істің мәні

Зорлау ісі бойынша сотталған Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев колониядан өкілі арқылы Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірді.

Дау 2016 жылдан бері Күштібаевтар отбасы тұрып келе жатқан Болашақ шағынауданындағы пәтерге қатысты.

Экс-полицей 2023 жылдан бері оның тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамаған полиция департаментінің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап етті.

Ал оның жұбайы полиция департаментінің отбасын пәтерден шығару талап-арызына тыйым салуды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, пәтерде экс-полицейдің жұбайы мен үш баласы тұрады.

«Тұрғын үйге мұқтаж» полиция басшысы: оқиғалар хронологиясы

2016 жылдың қарашасында жергілікті атқарушы орган Марат Күштібаев пен оның отбасына «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер берген.

2023 жылдың ақпанында пәтер полиция департаментінің балансына өтті, ал тамыз айында Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу келісімшартын жасасты.

2023 жылғы 25 тамызда ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Құжат тіркелгенімен, 2025 жылғы қарашада сотқа жүгінгенге дейін қаралмаған.

Көп ұзамай Марат Күштібаев «мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін» қызметінен босатылды. 2023 жылдың қарашасында ол қызметтік кабинетінде қыз зорлады деген күдікпен ұсталды. 2024 жылдың сәуірінде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Тараптардың уәждері

Сотта Күштібаевтың өкілі оның құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет еткенін айтты. Оның сөзінше, теріс себептермен жұмыстан босатылу тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартуға негіз бола алмайды.

Сонымен қатар талап-арызда отбасының пәтерге күрделі жөндеу жүргізгені көрсетілген.

Ал Жетісу облысы полиция департаменті пәтердің қызметтік тұрғын үй мәртебесіне ие екенін және Күштібаевтың қазіргі таңда органда жұмыс істемейтінін алға тартты. Департамент өкілдері бұл баспананы қызметін жалғастырып жатқан қызметкерлерге беру қажет деп санайды.

Сотта Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі мен әкімдік өкілдері істі соттың қарауына қалдырды. Сондай-ақ Kezekte.kz кезекшілерді есепке алу жүйесінің дерегіне сәйкес, Күштібаев тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрмаған.

Сот экс-полицейдің жағына шықты

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сотталған полицейдің талабын ішінара қанағаттандырды. Сот полиция департаменті екі жылдан астам уақыт бойы рапортты қарамай, заң бұзғанын мойындады.

Сот шешімінде Жетісу облысы полиция департаментінің 2023 жылғы 25 тамыздағы Марат Әлімқұлович Күштібаевтың тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамауы заңсыз деп танылып, рапортты тұрғын үй комиссиясында қарау міндеттелді.

Алайда сот жекешелендірудің заңдылығы мәселесіне баға беруден бас тартты. 2025 жылғы 28 қарашадағы шешімде тұрғын үй комиссиясының шешімі болмағандықтан, бұл мәселені талқылау ерте екені айтылған.

Үйден шығаруға тыйым салу әрекеті

Негізгі даумен қатар, Күштібаев пен оның жұбайы полиция департаментіне оларды пәтерден шығару туралы талап қоюға тыйым салуды сұрап, сотқа жүгінген.

Алайда 2025 жылдың қазанында Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұл талапты негізсіз деп танып, қанағаттандырудан бас тартты. Талапкерлер апелляция бергенімен, 2026 жылғы 21 қаңтарда апелляциялық алқа бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Марат Күштібаев ісінің жай-жапсары

Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Талдықорған қаласының полиция бастығы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталған болатын. Жәбірленушінің адвокатының айтуынша, 2023 жылғы 12 қарашада қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен бір әйел ішкі істер басқармасына жеткізілген. Кейін ол басқарма басшысының кабинетіне апарылған.

2024 жылдың сәуір айының соңында сот Күштібаевты зорлау қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол наградаларынан және «полиция полковнигі» арнайы атағынан айырылды.

Зорлау ісі бойынша жәбірленушіні сатып алу әрекеті

Алайда іс мұнымен аяқталған жоқ. 2025 жылдың ақпанында Көксу аудандық соты Күштібаев ісіне қатысы бар үш адамға – зорлау ісіндегі жәбірленушіге, оның жігітіне және соттың бұрынғы хатшысына әрқайсысына 6 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Анықталғандай, экс-бастықтың жұбайы жәбірленушіге айғақтарын өзгерту үшін 40 миллион теңге ұсынған. Ақшаны алған жәбірленуші кейін сөзін өзгертуден бас тартқан. Делдал ретінде сот хатшысы әрекет еткен, ал жәбірленушінің жігіті де бұл іске тартылған.

Күштыбаевтың жұбайы жәбірленушіні алаяқтық жасады деп айыптап, полицияға арыз берген. Тергеу органдары «аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталғандардан ақшалай өтемақы өндіріп алды.

2025 жылдың наурызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (қазіргі ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі) Күштібаевтың жұбайына қатысты жәбірленушіні сатып алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергей бастады. Тергеу жалғасып жатыр.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →