Тараптар энергетика, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Антонелло Де Руи Маңғыстаудың туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Елші Италия тарапының өңірге инвестиция салуға және бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.
Нұрдәулет Қилыбай өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол облыс әкімдігінің шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейтуге және өңірдің дамуына үлес қосатын жобаларды қолдауға дайын екенін айтты. Әкім қазір Маңғыстауда бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатқанын атап өтіп, энергетика саласындағы міндеттерге де тоқталды.
– Қазір өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттердің бірі – 2029 жылға қарай Қазақстанда энергия көздерінің профицитін қамтамасыз ету. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз қай салада болмасын, өңірдің дамуына серпін беретін, экономикалық тұрғыдан тиімді инвестициялық жобаларды қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу қорытындысында тараптар энергетика, логистика және туризмді әріптестіктің басым бағыттары ретінде атап өтті. Маңғыстау облысы мен Италия тарапы осы салаларда екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асыруға және сол арқылы экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.