Иранда қыздар мектебіне жасалған соққы салдарынан қаза тапқан 165 оқушы мен мұғалімді жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Al Jazeera мәліметінше, жаппай жерлеу рәсімі 3 наурыз күні Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясының Минаб округінде өтті. Зымыран соққылары қыздарға арналған мектепке АҚШ пен Израиль Иранға алғашқы әуе шабуылдарын бастаған күні жасалған.
The New York Times жүргізген талдау нәтижесінде екі қабатты мектептің кемінде жартысы жарылыстан қирағаны анықталған.
Басылымның мәліметінше, оқиға орнынан түсірілген кадрларда Қызыл Жарты ай қызметкерлері мен қаза тапқандардың туыстары үйінділерді тексеріп жүргені көрінеді. Үйінді арасында қан мен күлге боялған мектеп сөмкелері мен оқулықтар жатыр.
Сыныптағы парталар қирандылар астында қалған. Қаза тапқандардың денелері қара қаптарға салынған.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мектеп оқушыларының өліміне АҚШ пен Израильді айыптады.
— Бұл — америкалық-израильдік бомбалау салдарынан бастауыш мектепте қаза тапқан 160-тан астам жазықсыз қыз бала үшін қазылып жатқан қабірлер, — деп жазды ол 2 наурызда X әлеуметтік желісінде.
Министр жазбасына қазылып жатқан қабірлердің фотосын да жариялаған.
БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мектепке жасалған шабуылды айыптады.
Ұйым мәлімдемесінде білім алуға арналған жерде оқушылардың өлтірілуі мектептерді шабуылдан қорғауға қатысты халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын өрескел бұзу екені айтылған.