KZNews.kz
Қоғам

"Инвалидтерді Құдай жазалаған..." Шенеуніктің сөзі желідегі жұрттың ашуын туғызды

Фото: ашық дереккөздерден

Қоғамда мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтің қарым-қатынасына қатысты сыни көзқарас болуы заңды.

Алайда, халықпен жұмыс істейтін шенеуніктердің біліксіздігі мен қарапайым этикаға сыймайтын кейбір әрекеттері жұрттың ашуын келтіретіндей жағдайға жетті. 

Біз бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің бейәдеп сөзі мен қылығына қатысты арнайы мақала жазып, "Әдеп кодексі әлсіз бе?" деген сауал тастағанбыз. Өкінішке қарай, шенеуніктер қоғамдық пікір мен жоғарыдан айтылатын сыни пәрменнен де сабақ алмайтынға ұқсайды.

Мысалы, күні кеше Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов тұрғындармен кездесу кезінде абайламай сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі жандарды ренжітіп алғанға ұқсайды.

Оқиға облыстың Талғар ауданына өткен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуде болған. Кездесу соңында министрдің жеке қабылдауына сұранушылардың көп болуына байланысты тұрғындарды сабырған шақырған Есболатов "алдымен мүгедектерді (инвалидтерді) қабылдауға жазайық, оларды онсыз да Құдай жазалаған..." деп айтып қалған. Шенеуніктің бұл сөзі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қатты сынына ұшырауда. Желі пайдаланушылары Қанат Есболатов тарапынан ерекшелігі бар жандарға қатысты әдепсіздік көрсетілгенін және облыс әкімінің бірінші орынбасары болып отырған азаматтың заңды да нашар білетінін айтып, пікір қалдыруда. Яғни, елімізде денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттілігі бар адамдарға қатысты «мүгедек/инвалид» сөзі қолданылмайтынын мемлекеттік қызметші ескермеген. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңына 2022 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, барлық жерде «инвалид» термині «мүгедектігі бар адам» деген сөз тіркесімен алмастырылды. Сондықтан, «инвалид» сөзі ескірген әрі дискриминациялық ұғым болып саналады, себебі ол адамның жеке басына емес, тек оның шектеулеріне назар аударады деген пікірлер жазылып жатыр.

Әлеуметтік желідегі сыннан кейін Канат Есболатов Instagram желісіндегі жеке парақшасында абайсызда айтқан сөзіне қатысты түсінік беріп, оқырмандардан кешірім сұраған екен.

«Әр қатысушы маңызды мәселелерді көтеріп, өз сұрағын қоюға ұмтылды. Сол себепті кезек те ұзақ болды. Регламент бойынша кездесуге екі сағат бөлінген еді. Алайда сұрақтардың көптігіне байланысты шара шамамен төрт сағатқа созылды. Келгендердің арасында мүмкіндігі шектеулі бірнеше адам болды. Олардың кейбірі өз кезегін күтіп, тікесінен тік тұрды. Біреуінің кезегі келгенде, залдағы бірнеше адам оны бөлектеп, сөзін бөле бастады. Мен регламент сақтауды сұрадым. Алайда орыс тіліндегі сөзімде қате айтып жібердім. Ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Айтқым келгенім басқа еді: “Құдай оған үлкен сынақ берген” деген сөзді дұрыс жеткізе алмадым. Айтқан сөзім көптеген адамдардың сезіміне, тіпті намысына тиді деп түсінемін. Сол үшін шын жүректен кешірім сұраймын», – дейді шенеунік өз жазбасында. 

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары