Қоғам

"Инвалидтерді Құдай жазалаған..." – Қанат Есболатов халықтан кешірім сұрады

"Инвалидтерді Құдай жазалаған..." – Қанат Есболатов халықтан кешірім сұрады
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде абайламай сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі жандарды ренжітіп алған болатын. Бұл туралы Kznews порталы хабарлады.

Ол «Инвалидтерді Құдай жазалаған...» деп ойын орыс тілінде жеткізген. Алайда әлеуметтік желідегі кейінгі жазбасында орысша ойын дұрыс жеткізе алмағаны үшін барша жұртшылықтан кешірім сұрады.

Біз Қанат Есболатовтың Instagram әлеуметтік желісінде жазған постын түгелдей жариялауды жөн көрдік.

«Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты ақпарат беруді жөн деп санаймын. Денсаулық сақтау министрімен Талғарда өткен кездесуге қалың жұрт жиналды. Әрқайсысы өзекті мәселе көтеріп, сұрақ қоюға асықты. Сондықтан кезек те үлкен болды.

Регламент бойынша кездесуге екі сағат бөлінген еді. Бірақ, сұрақтардың көп болуына байланысты жиын шамамен 4 сағатқа созылды.

Келген азаматтардың арасында бірқатар мүмкіндігі шектеулі жан болды. Кейбірі тік тұрып, өз кезегін күтті. Кезегі жеткенде залдағы бірнеше адам сөзін бөліп, оған кедергі жасай бастады. Регламентті сақтауға шақырдым. Алайда орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. “Құдай үлкен сынақ берген” деп айтпақ болғанмын.

Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына тигенін де түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын.

Ауқымды іс-шараларда алдымен егде жастағы тұрғындарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жол беру маңызды. Қай жиын болмасын, оларды көп күттірмей, кезексіз тыңдау – дұрыс әрі адамгершілікке сай деп есептеймін.

Сіздердің пікірлеріңіз бен реакцияларыңыз мен үшін өте маңызды. Жиында көтерілген әр сұрақты әкімдік пен министрлік назарға алды, көпшілігіне сол жерде жауап берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Министрлікпен бірге бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

Белсенділік танытқандарыңыз үшін баршаңызға тағы да алғыс айтамын» – деп жазды Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz