Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды., деп хабарлайды kznews.kz.
2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі.
"2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі. Болжамды түзету биылғы инфляцияның іс жүзіндегі мәні болжамды мәндерден едәуір асып кетуіне және инфляциялық күтулердің жоғары динамикасына негізделеді. Сонымен қатар, 2026-2027 жылдары «инфляция + 5%» схемасы бойынша реформа қарқынын қайта қарау аясында реттелетін бағалардың неғұрлым болжамды өсетіні ескеріледі", - делінген хабарламада.
2026 жылы болжамдар аралығының кеңеюі салық реформасын іске асыруға және жиынтық сұраныс реакциясына, квазибюджеттік сектор жағынан қаржыландырудың едәуір өсуіне және оның экономикаға ынталандырушы әсеріне байланысты бағалаудағы артып келе жатқан белгісіздікті көрсетеді.
"Болжам тәуекелдері ішкі сұраныс пен ұсыныс мүмкіндіктері арасындағы теңгерімсіздіктің күшеюімен, сыртқы инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуімен, сондай-ақ реттелетін бағалардың, ЖЖМ мен ҚҚС артуынан болатын қайталама әсермен байланысты. Негізгі белгісіздік факторларының бірі – экономиканы қаржыландыруды «Бәйтерек» ҰБХ АҚ» арқылы ұлғайту ықпалы. Үкіметтің мәліметі бойынша, оның көлемі 2026 жылы 8 трлн теңгеге, яғни ЖІӨ-нің 4,4%-на жетуі мүмкін. Мұндай қысым инфляциялық қысымды күшейтіп, алдағы фискалдық шоғырландыру әсерін ішінара реттеуі мүмкін", - дейді Ұлттық банк.
2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы 6,0-6,5%-ға дейін жақсарды. Бұл мұнай өндірудегі озыңқы қарқынның әсерін, сондай-ақ жылдың соңғы айларында инвестициялық және тұтынушылық сұраныстың, оның ішінде алдағы 2026 жылғы ҚҚС реформасына байланысты жеделдеуін көрсетеді. 2025 жылғы жоғары базаның салдарынан және салық-бюджет реформасы мен бюджеттік шоғырландырудың ішкі сұранысқа тежеуші әсерін ескере отырып, 2026 жылға арналған болжам 3,5-4,5%-ға дейін төмендетілді. 2027 жылы экономиканың өсуі 4,0-5,0% ауқымында болады деп күтіледі. Бұл өсу инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, бірқалыпты тұтынушылық сұраныс және мұнай өндірудің ұлғаюы есебінен болады.
Нақты кірістің төмендеуіне және импорттың артуына байланысты орнықты ішкі сұраныс бюджет-салық және ақша-кредит саясатын үйлестірудің маңыздылығын арттырады. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық Банк пен Агенттік 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыруда. Бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерiмсiздiктi жоюға, бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн арттыруға, микро- және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, азаматтардың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру есебінен орнықты экономикалық өсу үшін жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі ақша-кредит шарттарының бірқалыпты қатаң сипатын, Бағдарламаның күтілетін үлесін және тұтынушылық кредиттеуге сұранысты төмендету шараларын ескере отырып, Комитеттің шешімі орнықты дезинфекциялық траекторияны қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық Банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс реакциясын, сондай-ақ Бағдарламада және Инфляцияны бақылау, төмендету бойынша шаралар кешенінде көзделген бірлескен шараларды іске асыру тиімділігін бағалауды жалғастыра береді.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банк жоғары инфляциялық күтулерді, орнықты базалық инфляцияны және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін назарға ала отырып, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды деп санайды. Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін.