KZNEWS.KZ
Техно

ХВҚ: Қазақстан AI дайындығы бойынша Орталық Азияда көш бастады

Фото: ашық дереккөздерден

Бұл туралы Халықаралық валюта қорының "Harnessing Artificial Intelligence’s Potential in the Middle East and Central Asia" атты баяндамасында айтылған көрінеді. ХВҚ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстанның артықшылығы цифрландыру тәжірибесінің ерте қалыптасуынан көрініс тауып отыр екен Елдегі eGov жүйесінен басталған цифрлық трансформация қазір жасанды интеллектіні дамытуға арналған кешенді мемлекеттік саясатқа ұласып отыр.

Қазақстанның ұлттық AI стратегиясы басқару жүйесін, цифрлық инфрақұрылымды, адами капиталды және мемлекеттік реттеуді қамтиды. Сонымен бірге жасанды интеллект саласында арнайы заң қабылданып, жауапты мемлекеттік құрылымдар мен консультативтік тетіктер қалыптастырылған.

ХВҚ Қазақстанның 2025 жылғы Үкіметтердің AI-ға дайындық индексіндегі көрсеткішіне де назар аударады. Ел 195 мемлекеттің ішінде 60-орынға көтерілген. Бір жыл бұрын Қазақстан 76-орында болған. Яғни, бір жылдың ішінде 16 позицияға жоғарылаған. Бұл - Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже екен 

Алайда, 60-орын Қазақстанның жасанды интеллект бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіргенін білдірмейді. Халықаралық валюта қоры дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда, әсіресе, инновациялар мен реттеу саласында алшақтық барын да атап өтеді.

Мәселенің тағы бір маңызды бөлігі қаржыландыруға қатысты болып отыр. 2026 жылы Үкімет AI саласындағы зерттеу және әзірлемелерге шамамен 23 миллион доллар бөліп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындары жүзеге асыратын 62 жобаны қолдаған.

Бұдан бөлек, Қазақстан алдағы жылдары шамамен 1 миллион адамды жасанды интеллект құралдарын пайдалануға үйретуді көздеп отыр.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның AI-ды тек технологиялық сала ретінде емес, экономикалық және мемлекеттік басқару құралы ретінде қарастыра бастағанын көрсетеді. Бірақ ендігі негізгі сұрақ бөлінген қаражат пен қабылданған стратегиялардың нақты өнімге, жаңа компанияларға, жұмыс орындарына және еңбек өнімділігінің өсуіне қаншалықты әсер ететініне қатысты болмақ.

Яғни, Қазақстанның аймақтағы көшбасшылығы әзірге дайындық деңгейімен өлшеніп отыр. Ал келесі кезеңде бұл көшбасшылықты нақты экономикалық нәтижемен дәлелдеу қажет.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →