Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен брифингте Халық Кеңесін құруға қарастырылған 1,7 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
"Бұл соманы ондағы адам санына бөлген дұрыс емес, өйткені қаражат тек жалақы төлеуге ғана емес, өңірлерге барып халықпен кездесуге, сессиялар өткізуге және қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыруға арналған. Бұл Халық Кеңесінің барлық жұмысын ұйымдастыруға бағытталады", - деді вице-министр.
Ол Халық Кеңесі мүшелеріне бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақы төлеу қарастырылғанын жеткізді.
Алайда олардың айына қанша жалақы алатынын айтпады.
"Мен дәл осы бюджет қаражаты есебінен еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес алатындарын айттым. Бұл жүйе қызметтік пайдалануға арналған. Сондықтан ақпаратты егжей-тегжей ашуға болмайды. Кімнің қанша алатынын нақты айтуға құзыретім жоқ. Айта алмаймын. Барлығы бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес алады", - деді ол.