Германия былтыр қыркүйекте ел аумағында ұсталған Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан бас тартты. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мақсат Дүйсеновті Германиядан Қазақстанға экстрадициялау мәселесін шешу 2025 жылдың қазанында басталған. Дегенмен, Бас прокуратура мәліметінше, Германия тарапы себебін түсіндірместен күдіктіні беруден бас тартты.
Ведомство Дүйсеновке іздеу салу тоқтатылмағанын, қылмыстық қудалау жалғасып жатқанын, сондай-ақ істің мән-жайын анықтау мақсатында, оның ішінде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2025 жылғы тамызда Алматының Алмалы аудандық полициясы прокуратура бастамасымен Мақсат Дүйсеновке қатысты іздеу ісін қозғады. Сол кезде оған іздеу жарияланды.
Бірнеше күннен кейін Дүйсеновтің басшысы болған Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Ол кезде былай деп хабарланды:
"Тергеу оның әртүрлі кезеңде басшылық қызметтерде болғанда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша басталды".
Ал қыркүйекте Германия құқық қорғау органдары Дүйсеновті ұстады.
Дүйсенов туралы не белгілі?
Мақсат Дүйсенов 2018 жылдың тамызында сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен Қазақстанның бас көлік прокуроры болып тағайындалған еді.
2013-2014 жылдары Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2018 жылдың қаңтарынан бастап – бас көлік прокурорының бірінші орынбасары.