Көкшетауда әйел жүргізуші анасымен бірге тротуарда келе жатқан баланы қағып кетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде жол апаты сәті түсіп қалған бейнежазба тарады. Кадрларда әйел басқарған көліктің тротуарға шығып кетіп, сол сәтте жаяу келе жатқан әйел мен баланы қағып кеткені көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші газ бен тежегіш педальдарын шатастырып алуы мүмкін.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 19 мамыр күні болған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жеткен.
«Оқиға кезінде бала анасымен бірге тротуарда болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден кейін үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты шағым түсірген жоқ», – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол апатына байланысты материал жинап, жүргізушіні қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартқан.