Еліміздің фармацевтика нарығындағы түйткілді ахуалға қатысты жағдай шиеленісіп келеді.
Әсіресе, "басы ауырып, балтыры сыздаған" жұртты дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне мемлекет шындап назар аударуы керек сияқты.
Бұл салада жүйелі дағдарыс бар екені бұған дейін де айтылған. Жүйедегі сыбайластық схемалары мен жұмысты тиімсіз жоспарлау, тиісті бақылаудың әлсіздігі мен дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі тұтас фармацевтика саласына деген сенімді азайтып, сұрақты көбейтіп отыр.
Ең өкініштісі, бұл мысалдар халықтың ем-домына қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімділігін төмендетіп, саланы қолдауға бөлінген миллиардтаған бюджет қаржысының желге ұшуына әкеліп отыр екен.
Дерекке жүгінсек, қазіргі дәрі-дәрмек нарығындағы қаржы айналымының жалпы көлемі 1,162 трлн теңге шамасында. Соңғы бес жыл аралығында ғана дәрі-дәрмек сатылымы 1,7 есеге артқан көрінеді. Алайда, бұған қарамастан адамдардың нақты тұтыну көрсеткіші төмендеп кеткен. Мысалы, 2020–2024 жылдары дәріханалар арқылы сатылымға түскен дәрі қаптамаларының саны 766 млн данадан 712 млн данаға дейін азайған. Яғни, фармацевтика қызметіне деген сұраныс бірден 7 пайызға төмендеген. Ең қызығы, сатылымдағы дәрі-дәрмек түрлеріне сұраныс азайғанымен, айналымдағы қаржы кемімеген екен. Демек, тұтас фармацевтика нарығындағы өсім халықтың дәрі пайдалану деңгейінің артуымен емес, бағаның күрт көтерілуімен байланысты екені байқалады.
Статистиканы сараласақ, өткен бес жыл ішінде дәрі-дәрмектің орташа бағасы 874 теңгеден 1 634 теңгеге дейін қымбаттаған. Әсіресе, бюджет ақшасына сатып алынатын препараттардың құны айрықша көтеріліп, ондаған есеге қымбаттап кеткен. Есептеу бойынша, мемлекеттік сектордағы тапсырыс бағасы 30,6 пайызға өскенін көрсеткен. Есесіне нақты сатылған дәрі саны 9 пайызға азайыпты. Яғни мемлекет қаржысы көбірек төленгенімен, нарыққа шығарылған дәрі-дәрмек көлемі қысқарған.
Демек, халыққа қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы жиі орын алатындығына қарамастан, фармацевтикалық зауыттардан сатып алынатын дәрі бағасына қойылатын үстеме өсе берген. Кей жағдайларда бұл үстеме 172 пайызға дейін жеткені туралы жаға ұстатарлық дерек бар. Тіпті, сатып алудың арнайы тізіміне тіркелмеген дәрілер бойынша үстеме бағаның айырмасы 2000 пайызға дейін барады екен.
Рас, фармацевтика бағытындағы сатып алуларға қатысты мемлекет бақылауды күшейтіп келеді. Бірақ, сатып алулардың неге қымбатқа түсетінін түсіндіріп, тосқауыл қоюға дәрменсіз сияқты. Мысалы, мемлекет қаржысы жұмсалған операцияларға жүргізілген аудит нәтижелері бойынша жекелеген препараттар нарықтық бағадан 1,5–4 пайызға дейін жоғары бағада сатып алынғаны анықталған. Яғни, дәрі-дәрмек нарығындағы жалғыз оператор -
"СК-Фармация" компаниясы кейбір дәрі-дәрмек түрін сатып алу барысында 40–365 пайызға дейін артық ақша төлеген болып отыр. Соның кесірінен мемлекет қоржына келген жалпы шығын көлемі жыл сайын 8 млрд теңгеден асып отырған-мыс.
Екіншіден, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысында жүйелі жоспар жоқ. Нақты жоспарлаудың тиімсіздігі мемлекетті қосымша шығынға батыруда. Мысалы, кейінгі жылдардағы жоспарлаудағы қателіктердің салдарынан артық алынған дәрі-дәрмек үшін 2,8 млрд теңге босқа жұмсалған. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша 2022–2023 жылдары ғана жарамсыз болып танылып, қоқысқа тасталған дәрілердің құны 280 млн теңге шамасы болыпты.
Жалпы, фармацевтикалық бизнеске қатысты түйткілді ахуал жоғары деңгейде жиі сөз болады Депутаттар да дабыл қағып жүр.
Жақында Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек аталған фактілер бойынша Бас прокуратура мен ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне сауал жолдады. Халық қалауыларының аудит материалдары мен ресми құжаттарға негізделген депутаттық сауалы жауапсыз қалмауға тиіс.
Өйткені, салаға тамырын терең жайған лоббизм, пайдаға құныққан ықпалды бизнес пен сыбайлас шенеуніктердің "нәзік" байланыстары мемлекет мүддесіне қарама-қайшы әрекетке жол ашатыны анық.
Жалпы, фармацевтика нарығындағы ахуал тек мемлекеттік сатып алу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ғана емес, халықтың денсаулығы екенін естен шығармауға тиіспіз.