Қоғам

Еуразиялық экономикалық комиссияның көлікке қатысты шектеуі қызу талқыланып жатыр

Еуразиялық экономикалық комиссияның көлікке қатысты шектеуі қызу талқыланып жатыр
Фото: Truck.Ru

Қазақстанға көлік әкелу тәртібінде жаңа кезең басталмақ. 2025 жылғы 20 қазаннан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) шешімі күшіне еніп, жеке тұлғалардың жүк көліктері мен автобустарды елге әкелуіне шектеу қойылады. Бұл өзгеріс қоғамда қызу талқыға түсіп, жаңа ереженің мән-жайына назар аударуға себеп болды.

Жаңа ереженің мәні қандай?

Ресми түсіндірмеге сәйкес, бұдан былай Қазақстан азаматтары өз қажетіне тек белгілі бір санаттағы көліктерді ғана әкеле алады.

Индустрия министрлігі Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Әділбек Бектібаев бұл тізімді нақтылап өтті. Оның айтуынша, жеке тұлғалар үшін рұқсат етілетін көлік түрлері мыналар:

  • жеңіл автокөліктер (медициналық мақсаттағы арнайы көліктерден басқа);
  • жол талғамайтын шағын техника – квадроцикл, қарда жүргіш, батпақта жүргіш, мотобагги (жарыс көліктерінен басқа);
  • мотоцикл, мопед және мотороллер;
  • шағын жүк көліктері мен микроавтобустар – жүргізушімен қоса 12 адамға дейін тасымалдайтын, сондай-ақ жалпы салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері (радиациялық материал тасымалдайтын арнайы көліктерден басқа).

Ал ірі жүк көліктері мен автобустарды енді тек компаниялар ғана әкеле алады.

Тіркеу рәсімдері де тоқтатылады

Жаңа талаптарға сай келмейтін көлікті әкелуге тырысқан азаматтар бірқатар рәсімдерді орындай алмайды.

Атап айтқанда, олар:

  • көліктің қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС) ала алмайды;
  • кедендік рәсімдеуден өткізе алмайды;
  • электронды паспорт (ЭПТС) рәсімдей алмайды;
  • утилизациялық алымды төлей алмайды;
  • мемлекеттік тіркеуге қоя алмайды.

Яғни іс жүзінде көлікті елге кіргізу мүмкін болмайды.

Неге мұндай шектеу қажет болды?

Бұл сұрақ көпшілікті алаңдатады. Өткен жазда ЕЭК «жеке тұлғалардың өз қажеттілігіне арналған дара көлік құралдары» ұғымына өзгеріс енгізген болатын. Құжатта жеке қажеттілікке кәсіпкерлік мақсат жатпайтыны нақты жазылды.

Осылайша жаңа ереже Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне түзету енгізу арқылы бекітілді.

Маман пікірінше, бұл өзгеріс бір жағынан жекелеген азаматтардың ірі техника арқылы көлеңкелі бизнес жүргізуінің алдын алуды көздейді. Екінші жағынан, қауіпсіздік пен техникалық реттеу мәселелері ескеріледі.

Қазақстанда соңғы жылдары автобустар мен ауыр жүк көліктерін жеке тәртіпте әкелу азайған жоқ. Әсіресе, шағын тасымалдау қызметімен айналысатындар шетелден қолжетімді көлік сатып алуға тырысатын. Енді бұл мүмкіндік тек заңды тұлғаларға беріледі.

Сарапшылар мұны саланы ретке келтірудің, сапаны бақылаудың және көлік қауіпсіздігін арттырудың құралы деп бағалайды.

Сонымен қатар жаңа талап отандық автопаркті жаңғыртуға, өндірістік саясаттағы теңгерімді сақтауға ықпал етуі мүмкін. Өйткені ресми компаниялар әкелетін көліктер қатаң стандарттарға сәйкес тіркеліп, мемлекеттік бақылаудан өтеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz