Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі депутаттардың алдағы Құрылтай жұмысына қатысу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде 1 шілдеден бастап қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтайтынын, ал тамыз айында бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауы өтетінін еске салды.
Президенттің айтуынша, алдағы саяси науқан ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделуі тиіс. Ол азаматтарды сайлау үдерісіне белсенді қатысуға шақырып, Құрылтайдың елдің саяси жаңғыруындағы ерекше рөлін атап өтті.
«Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл азаматтар кіруі керек. Халық жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін ең алдымен осы институттың жұмысына қарап бағалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі депутаттардың арасында тәжірибесі мен білімі мол азаматтардың жаңа құрамнан орын алуы мүмкін екенін айтты.
«Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында қызметін жалғастырады деп сенемін. Қазақстан Халық кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті мамандардың болғаны маңызды», – деді Президент.