Қоғам

Еркектер қол ұстасып қыдыруына болады: вице-министр ЛГБТ насихатына не жатпайтынын айтты

Жарқын Омаров Жарқын Омаров
Еркектер қол ұстасып қыдыруына болады: вице-министр ЛГБТ насихатына не жатпайтынын айтты
Фото: news.sky.com

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенат отырысында «насихат» ұғымының мәні өзгермегенін айтты. Оның сөзінше, бұл бұрынғыдай белгілі бір құбылысқа оң көзқарасты білдіреді, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистер фильмдердегі кейбір көріністерді қиып тастау немесе бұлыңғырлау мәселесіне қатысты қайшылықтар болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұған жауап берген вице-министр бұл әрекеттерді цензура деп қарастыруға болмайтынын, мәселе онлайн-кинотеатрлар мен прокат компаниялары ұсынатын форматтарға байланысты екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, ведомство әрдайым жас ерекшелігіне байланысты шектеулерді күшейтуді қолдап келеді. Ал нақты қандай тәсіл қолданылатыны  көріністерді алып тастау, бұлыңғырлау немесе өзге форматты енгізу әлі де талқылану үстінде.

Кочетов жаңа нормаларды іске асыру процесі ашық өтетінін және кейін қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша түсіндірмелер берілетінін жеткізді.

"Екі ер адамның қол ұстасып жүрген сәтін жариялау өздігінен насихат болып саналмайды. Алайда, егер мұндай жазбада белгілі бір қауымдастыққа қосылуға үндеу болса, онда ол насихат ретінде бағаланады", - деді ол.

Сондай-ақ ол бұған дейін бұл санаттағы контент заңсыз деп танылмағанын және құқықтық бақылауға алынбағанын айтты. Енді түзетулер күшіне енген соң, мұндай материалдар басқа нормалар сияқты құқықтық мониторингке енгізіледі.

Вице-министр тыйым тек дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен педофилияны насихаттауға қатысты екенін атап өтіп, мұндай шаралар халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін жеткізді.

Сонымен қатар, ол 11 желтоқсаннан бастап META компаниясы осыған ұқсас контенттің едәуір бөлігін шектегені туралы ақпаратқа тоқталды. Оның пікірінше, ірі платформалардың мұндай қадамға баруы мәселенің бар екенін көрсетеді.

 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz