Өзбекстандық ММА жауынгері Шахзод Узоков ("Голд" лақап атымен танымал) сот шешімімен үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Спортшы өткен жылдың қараша айында көшеде болған жанжалдан кейін ұсталған. Мәліметке сәйкес, жол үстінде туындаған кикілжің кезінде ол досымен бірге екі азаматқа күш қолданған.
Алғашында сот Узоковты төрт жылға үйқамаққа жіберген еді. Алайда ол белгіленген талаптарды бұзғандықтан, жаза түрі қатаңдатылып, түрме жазасына ауыстырылды.
Шахзод Узоков қазақстандық жанкүйерлерге 2025 жылдың соңында кеңінен таныла бастаған. Сол уақытта ол боксшы әрі актер Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырып, бұл оқиға спорт сүйер қауым арасында үлкен қызығушылық тудырған еді. Екі спортшы арасындағы текетірес Ташкенттегі турнирде басталып, кейін ресми айқас өткізу туралы келісімге ұласқан.
Алайда соңғы уақытта өзбек файтерінің спорттық нәтижелері көңіл көншітпей отыр. Биыл ақпан айында Ташкентте өткен Oktagon 84 турнирінде ол әзербайжандық Мұхаммадали Нурусовқа қарсы жекпе-жекте бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіліс тапты.
Ал Еркебұлан Тоқтар алдағы 28 наурыз күні Ереванда өтетін Hype Asia турнирінде шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – жеңіліп көрмеген қырғызстандық файтер Марсель. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтеді, алайда спортшылар ММА қолғаптарымен бокстасады.
Еске сала кетейік, қазақстандық спортшы соңғы кездесуін 28 желтоқсанда Ташкенттегі «Хумо Аренада» өткізіп, өзбекстандық Тимур Никулинді бірінші раундтың 72-секундында техникалық нокаутпен жеңген болатын.