KZNews.kz
Әлем

Ердоған билікті ұлына беруге дайындалып жатыр ма? Түркия президенті ел күтпеген қадамға барды

Қайсар Қанат
Ozan KOSE / AFP

Батыс басылымдарында Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған билікті ұлына беруді жоспарлап отыр деген ақпарат тарады. Бұл туралы шетелдік медиа құралдары жазуда, деп хабарлайды kznews.kz.

Түркияның өз ішінде мұндай әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Кей сарапшылардың пікірінше, егер президенттік билік әкеден балаға берілсе, бұл елдің шектеулі демократиядан жеке тұлғаға тәуелді автократиялық жүйеге толық көшуін білдіруі мүмкін.

Көпшіліктің пайымдауынша, Ердоған ұлы Билал Ердоғанды болашақ мұрагері ретінде қарастырып отырғандай.

44 жастағы Билал соңғы жарты жылда елдің саяси өмірінде жиі көріне бастады. Ол әкесін шетелдік сапарларда бірге ертіп жүреді, маңызды мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды іріктеу процесіне қатысады және биліктегі Әділет және даму партиясы  ішінде өзіне жақтастар жинап үлгерген.

Өз сөздерінде Билал Ердоған әкесінің саясатын қолдап, оның басқару кезеңінде халық табысы алты есе, экономика сегіз есе өскенін атап өтеді. Сондай-ақ қоғамда "діндар адам – жақсы адам" деген түсінікті қайта орнықтыру қажет екенін де айтқан.

Bloomberg агенттігінің дереккөздері Билал Ердоғанды партия басшылығына, кейін вице-президент қызметіне дайындау жоспары болуы мүмкін екенін алға тартады. Болашақта ол елдегі ең жоғары лауазымға үміткер ретінде ұсынылуы ықтимал.

Алайда Билал Ердоған мұндай жоспарларды жоққа шығарып, саясатқа қызығушылығы жоқ екенін мәлімдеген. Соған қарамастан, ол елдегі маңызды саяси іс-шаралардың барлығына қатысып жүр.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →