KZNews.kz
Жаңалықтар

"Ең алғаш Майраға хабарласып, сүйінші сұрадым" – Асанәлі Әшімов

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

1968 жыл болатын. «Қыз Жібек» фильмі түсірілетін болыпты дегеннен бастап менен маза кетті, Бекежанның рөлін ойнауды армандадым. Ол өзі батыр, өзі сері, өзі сал  – күрделі мінезді кейіпкер ғой. Төлегенді өлтіргеннен кейін оны жағымсыз кейіпкер, опасыз адам етіп бейнелеп жіберген.

Әйтпесе, тарихына үңілсек, анау айтқандай соншама қатыгез, тасжүрек, жауыз адам болмаған. Мен сол ойын арқылы Бекежанның жақсы адам болғанын дәлелдегім келген. Кейіннен осы рөлге бекілтілгенімді естігенде қуанышымда шек болмады. Ең алғаш Майраға хабарласып, сүйінші сұрадым.

Автобусқа отырмай, тағы да үйге қарай жаяу тарттым. Басымды сан мыңдаған ой жаулап алды. «Мына жерінде былай, ана жерінде былай ойнаймын» деп қиялыммен жұмысты бастап кеттім. «Өзіме де елге де актерлік қабілетімді осы рөл арқылы дәлелдеуім керек» деп қоямын арасында.

Сөйтіп келе жатқанда Жасөспірімдер театрының алдында Құрекеңмен (Құрманбек Жандарбеков) кездесіп қалдым. Қуанышымды жасыра алмай ағамнан бата алдым да, ол кісіні буфетіне ертіп барып, аздап коньяк іштік. Театрда ол кісі бейнелеген Бекежанның орны бөлек қой.

Құрекең маған ақыл-кеңесін айтты. Содан үйге келдім де, дереу Шәкеңмен хабарластым. Ол кісі дәл сол кезде «Атаманның ақырын» түсіруге дайындалып жүрген. Сондағы басты кейіпкер Қасымхан Шадияровтың рөлін маған беретін болған.

Шәкеңге жағдайды айтып, Шадияровтың рөлінен бас тарттым. Сонда Шәкең маған біраз ренжіді. «Екеуін де қатар ойнайсың! Шетелдің мықты актерлері екі-үш киноға қатар түсе береді. Бала болма!»-деп ұрысты.

Сосын Сұлтан Қожықов екеуі келісе отырып, түсірілім уақытын маған ыңғайлы етіп белгілеп берді. Осылайша екі киноға қатар түстім. Былай қарасаң, екеуі - екі дәуірде өмір сүрген, мінез-құлықтары бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлер.

Бірақ жастық жалын тасып тұрған шақта ол маған кедергі бола алмады. Қарбалас жұмыс басталып кетті. Түске дейін Бекежан болсам, түстен кейін Шадияров болып шаптым.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары