Рыбакина Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің екінші айналымында отандасы Юлия Путинцевамен кездесті.
Елена Рыбакина 2026 жылды әлемдік рейтингтің көш басында аяқтайтын болды. Енді қалған жарыстардың нәтижесі қандай болса да, ол бірінші орнын сақтап қалады, деп хабарлайды kznews.kz
Ойын 6:2, 6:3 есебімен Рыбакинаның жеңісімен аяқталды. Осылайша ол ширек финалға шықты. Осы жеңістен кейін Рыбакина жинаған ұпай саны жағынан қарсыластары үшін қол жетпейтін межеге жетті. Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенко енді оны басып оза алмайды. Осылайша 27 жастағы Рыбакина спорттық мансабында алғаш рет жылды әлемнің ең үздік теннисшісі ретінде аяқтайды.
Еске салайық, Рыбакина биыл 14 қыркүйекте АҚШ ашық чемпионатында (US Open) жеңіске жеткеннен кейін алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанған еді. Ол мұндай жетістікке жеткен Қазақстанның тұңғыш теннисшісі болды. Өткен аптада Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен турнирде де топ жарды. Осылайша былтырғы чемпиондық атағын сақтап қалды. Бұл оның әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейінгі алғашқы жеңіп алған жүлдесі болды.
Нинбодағы жеңісі Рыбакинаның биылғы төртінші чемпиондық атағы атанды. Бұған дейін ол Штутгарттағы жарыста, Аустралия ашық чемпионатында және АҚШ ашық чемпионатында жеңіске жеткен.
Осы күнге дейін Рыбакина WTA турнирлерінде жекелей сында 15 рет чемпион атанды. Оның жетеуі WTA 500 санатындағы жарыстарда алынған.
Қазақстандық теннисші биылғы маусымдағы соңғы жарысына да қатысады. Ол 8–15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирінде былтырғы чемпиондық атағын қорғауға тырысады.
Дегенмен бұл турнирде қандай нәтиже көрсетсе де, Рыбакина жыл соңына дейін әлемнің бірінші ракеткасы болып қала береді.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен және әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтаған еді. Сондай-ақ спорттағы жетістіктері мен Қазақстанда теннистің дамуына қосқан үлесі үшін оны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттаған.