Компания басшыларының бесеуі сотталып, әрқайсысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Алайда соттың ақшаны қайтару туралы шешімі әзірге орындалмай отыр. Себебі сотталғандардың атында өндіріп алуға болатын мүлік табылмаған.
Алматыда атышулы MAX BET PV 2 компаниясына ақша салып, баспаналы бола алмаған үлескерлер тағы да бас көтерді. Төрт жылдан бері мәселесі шешілмеген 300-ге жуық адамның жалпы шығыны 3 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды kznews.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үлескерлердің айтуынша, олар тұрғын үйден пәтер аламыз деп компанияға ақша салған. Алайда уәде етілген баспана салынбай, халықтың қаржысы қайтарылмаған. Сот кінәлі деп таныған бес адамға жаза тағайындап, жәбірленушілерге 3 миллиард теңгеден астам шығынды өтеу туралы шешім шығарған.
Алайда үлескерлер өз ақшасын әлі ала алмай отыр.
“Міне, менің таңқалатыным, бұл деген қоғамның ауруы. Мысалы, бір алаяқ шығады, оның басында түгі жоқ болады, не ажырасқан. Бірақ отбасы шетелде ойнақтап жүр. Біз оларды танимыз. Ал Ашинов — жер иесі. Оның бір ғана Мәдениет ықшам ауданында 7 жер телімі бар екен. Қарапайым халықта бір метр де жер жоқ”, – дейді үлескер Нұржамал Байсақалова.
Бұған қоса, жәбірленушілер компанияны жарнамалап, азаматтарды ақша салуға шақырған танымал тұлғалардың да жауапкершілігін қарауды талап етіп отыр. Олардың қатарында экс-депутат Дәулет Мұқаев, әнші Төреғали Төреәлі мен әзілкеш Нұрболхан Шарапов бар. Сондай-ақ үлескерлер компанияның басшыларымен қатар, сатушы менеджерлері, бухгалтерлері, кассирлері және құрылысқа бөлінген жердің иесі де жауапқа тартылуы керек деп есептейді.
“Басшылардың сатушы менеджерлері де, бухгалтерлері, жер иесі кассирлері де бар. Тұрғын үй кешенін саламыз деген жер иесі Ашинов деген тұлға. Дәулет Мұқаев, Төреғали Төреәлі, Шарапов, осы үшеуі жарнама жасап, үлескерлерді шақырған. Соның ішінде 18 адам бар”, – дейді Гүлнұр Садықова.
Алматы әкімдігі мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрған. Кейін үлескерлердің ақшасын қайтаруға көмектесетін инвестор тартылған. Әзірге 12 адам салған қаражатын қайтарып алған.
Алматы Құрылыс бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, заң бойынша ақша сот шешімі негізінде компаниядан өндіріліп алынуы керек. Дегенмен әкімдік мәселені шешу үшін қосымша шаралар қабылдаған.
“MAX BET PV2 деген алдап кеткен. Негізі заң бойынша, сот шешімі бойынша, ақшаны содан алуы керек. Біз онымен шектеліп тұрған жоқпыз. Қала әкімдігі комиссия құрды. Инвестор табылды. Енді әрі қарай сіздерге өздеріңіз салған ақшаны қайтарып береміз деген шешім қабылданды. Сонымен инвестор жұмыс істеп жатыр”, – дейді ол.
Дегенмен 3 миллиард теңгеден асатын шығынның қашан толық өтелетіні әзірге белгісіз. Төрт жылдан бері баспаналы болуды күткен үлескерлер ақшасын қайтару үшін әлі де күресуге мәжбүр.
Бұған дейін Астанада пәтер алаяқтығына қатысты 19 адам күдікке ілінген еді. “Төленді” тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы А. Байжұманов 2016 жылы 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.