KZNews.kz
Сараптама

Екпіні төмен экспорт: әкімдер экономиканы әртараптандыруға әлі де қауқарсыз

Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Отандық экономиканы әртараптандыру талабы жекелеген аймақтарда ғана жемісін бере бастаған сияқты.

Яғни, кейбір облыстардың әкімдері экономика құрылымы бойынша жұмыстарға әлі де немқұрайлы қарайды немесе ұйымдастыру мен іскерлік қабілеттерін толық аша алмай отырғанға ұқсайды. Мұны өңірлердің жалпы экспорттық әлеуетті арттыруға қосқан үлесінен байқауға болады. Сәл төменде қандай облыс әкімдерінің жұмысында олқылық барын айтамыз. Бірінші кезекте өткен жылдың деректерін саралай келе көз жеткізген отандық экспорт үлесі мен әлеуетіне тоқталайық.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы экспортына қатысты тұрақтылық туралы айтуға әлі ерте екен. Кейбір деректер өндірістік бағыттағы экспорттың төмендегенін көрсетсе, екінші жағынан агроөнеркәсіп саласының сыртқы нарыққа шығарған өнімінің көбейгені жайында мәлімдейді. Яғни, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің сыртқы сауда саясаты қарама-қайшы үрдістерді бастан өткеруде.

Дерекке қарасақ, бір жағынан, жалпы экспорт 3,2 пайызға төмендеп, 79 млрд АҚШ долларын құрады. Ал екінші жағынан бірқатар аграрлық өңірлер айтарлықтай өсімге қол жеткізіп отыр. Әлбетте, мұнан ел экономикасындағы құрылымдық өзгерістердің алғашқы белгілерін байқауға болады дейді сарапшылар.

Пайымға салсақ, экспорт көлемінің төмендеуіне негізгі себеп ретінде шикізат жеткізілімдерінің қысқаруы қарастырылуда. Мәселен, мұнай экспорты 7 пайызға, уран 8,1 пайызға, мыс катодтары 2,2 пайызға, мыс кені 9,3 пайызға және ферроқорытпалар 15,5 пайызға азайды. Сарапшылардың есебінше, осының салдарынан шамамен 4,1 млрд доллар көлеміндегі валюталық пайда қазынаға түспей қалған. Демек, бұл деректер Қазақстан экспортының әлі де көмірсутек пен металлургияға тәуелді екенін айқын көрсетеді. Яғни, әлемдік баға құбылуы мен өндірістік көлемдегі кез келген ауытқу тікелей мемлекеттік кірістерге әсер етіп отыр.

Айтпақшы, экспорттың нақты көлемі бойынша да тіркелген деректерде де айырмашылық бар екен. Мысалға, шетелге шығарылған өнімнің үлесі кедендік бақылау мәліметтерінде 76 млн тонна деп көрсетілсе, Энергетика министрлігі 78,7 млн тонна деген мәліметке ие екен. Егер бұл бағыт бойынша нақтылау жүргізілсе, экспорттың құлдырау көрсеткіші тағы да өзгеруі мүмкін. Қалай болғанда да жария болған деректер экономикадағы стратегиялық тәуелділікті жоққа шығармайды.

Екіншіден, ішкі өндірісті экспорт бағытына бейімдеу талабы барлық облысқа ортақ болғанымен, нәтиже ала құла. Бұл ішкі экономиканы әртараптандырудың аймақтық құрылымындағы айқын теңгерімсіздікті көрсетеді. Яғни, облыс әкімдерінің экономиканы әртараптандыруға, оның ішінде экспорттық өнім шығаруға қатысты жүйелі жұмыстары сынға түседі. Өйткені, ел экспортының 64 пайызы небәрі төрт өңірге тиесілі болып отыр. Атап айтқанда, Атырау облысы 36 пайыз, Астана 12 пайыз, Батыс Қазақстан облысы 8 пайыз және Алматы қаласы 8 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіштер мұнай-газ және ірі өнеркәсіптік орталықтардың экспорт саясатындағы шешуші рөлін сақтап отырғанын білдіреді.

Өкінішке қарай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан басқа өңірлердің өндірістік бағыттағы әлеуеті төмендеген. Әсіресе, бұған дейін индустриялық өңірлер санатына кіретін облыстар күткендегідей нәтиже бере алмаған. Яғни, 2025 жылы өнеркәсіптік аймақтардың сыртқы саудадағы үлесінде айтарлықтай төмендеу тіркелді.

Мысалы, Ақтөбе облысында экспорт 27 пайызға азайды. Аймаққа тиесілі ферроқорытпа өнімі 11 пайызға, мұнай 29 пайызға азайса, мыс кенін экспорттау 90 пайызға дейін күрт қысқарған. Ал Маңғыстау облысы бойынша сыртқы сауда үлесі 21 пайызға төмендеп, мұнай және азот тыңайтқыштарының экспорты қысқарған. Дәл осы кепке Қызылорда облысы да ұшыраған. Аймақтың экспорттық әлеуетінің 15 пайызға төмендеуі негізінен мұнай өндірісінің азаюына байланысты болып отыр.

Жалпы, отандық экономиканы әртараптандыру мен экспорт әлеуетін арттыруға қатысты жұмыстарды бағалау барысында әділетсіз тенденция қалыптасқанын мойындауымыз керек. Әсіресе, қазақ экономикасының кірісін тек мұнай мен қазба байлықтарды сатудан түскен қаржыға тәуелді етіп көрсету қанымызға сіңіп қалған сияқты. Тіпті, саяси пропаганда мен идеологиялық ақпараттандыру да елде шикізат өндірісінен басқа сектордың тыныс-тіршілігінен бейхабар деуге болады. Әрине, әдетте мұндай ашық деректер мен міндеттер Президент жолдауларында ғана жиі сөз болатыны жасырын емес. Демек, ішкі өндірістің үлесі мен жергілікті қамту туралы деректердің қолжетімсіздігі әлдебір лобби топтар мен ықпал агенттеріне қолайлы болып отыр деген ойға жетелейді.

Бірақ, іс жүзінде экономиканың басқа бағыттарының да дамуы жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың есебінде бойынша экспорттағы оң динамика негізінен аграрлық және қайта өңдеу секторына тән екені айтылады. Әсіресе, аграрлы өңірлерде бұл үрдіс анық байқалды.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп бағытындағы экспорттық әлеуеті 38 пайыз өсім көрсеткен. Оның ішінде мал азығы экспорты 63 есеге дейін артқан. Сонымен қатар бидай жеткізу 23 пайызға, зығыр тұқымы 73 пайызға, арпа 2,3 есеге көбейіпті.

Сондай-ақ, деректер Алматы облысында да жалпы көрсеткіш 28 пайызға өсті дейді. Оның ішінде темекі өнімдері 21 пайызға өссе, мал азығы 3,5 есеге көбейген. Айтпақшы, Марат Сұлтанғазиев басқаратын өңір былтыр жаңа экспорттық бағытты игеріп, вольфрам кенін сыртқы нарыққа шығарудың негізгі драйвері болды.

Мұнан бөлек, сыртқы сауда үлесінде Қостанай облысы да 13 пайыз өсім көрсетті. Атап айтқанда, мал азығы 95 пайыз, бидай 93 пайыз және, зығыр тұқымы 2,4 есе артық нәтижені қамтамасыз еткен.

Бұл деректер Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені де экспорттық табыстың жаңа тірегіне айнала алатынын көрсететін дәлелдеп отыр.

Қорыта айтқанда, экспорттық бағытқа қатысты 2025 жылдың көрсеткіштері екі басты нәрсені алға тартады. Біріншіден, ел экономикасында шикізатқа тәуелділік әлі де шешуші фактор болып отыр. Яғни, мұнай мен металл нарығындағы өзгеріс бүкіл елдің экспорттық динамикасына тікелей әсер етуін жалғастырады. Бұл кез келген жағдайда тәуекел дабылы қағылуы мүмкін екенін еске салады. Мысалы, былтыр КТК бағытындағы мұнай тасымалдауда туған қиындық орасан қаржыдан қаққан болатын. Оның үстіне әлемнің көмірсутек қорына деген сұранысы құбылып тұр және бағаның да аяқ асты өзгеруін ешкім болжай алмайды.

Екіншіден, сыртқы сауда бағытында агроөнеркәсіп пен қайта өңдеу бағытын ұстанған өңірлер жаңа мүмкіндіктер көрсетіп отырғаны қуантады. Мамандар бұл бағыт бойынша әлі де мемлекеттің табанды жұмысы қажет деген пікірде. Егер Үкімет қосылған құны жоғары өнім өндірісін жүйелі қолдап, әкімдер іскерлік танытса, аймақтардағы экспорт құрылымы біртіндеп теңгерімді сипат ала бастайды-мыс. Әрине, әңгіме әртараптандыру туралы. Яғни, отандық экспорттың болашағы шикізат сатуда емес, өңдеу өндірісін дамытып, дайын өнімді лайықты бағаға саудалауда екенін ұғынуға тиіспіз. 

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →