Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі басты мәселе ретінде жоғары инфляцияны атап өтті. Мемлекет басшысы бұл халық табысы мен экономикалық өсімді жойып жатқанын айтып, Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп нақты әрі тиімді әрекет етуі қажет екенін айтты.
Экономист Расул Рысмамбетов аталған мәселеге қатысты пікір білдіріп, инфляцияны тек қысқа мерзімді шаралармен емес, кешенді реформалармен төмендету қажет екенін атап өтті.
«Иә, инфляция – негізгі проблемалардың бірі. Бірақ ең басты мәселе – экономикамыздың кенже қалуы, диверсификацияның төмендігі және инфрақұрылым мен коммуналдық желілердің тозуы. Сондықтан инфрақұрылымды жөндеу, қалпына келтіру және жаңасын салуға инвестиция тарту өте маңызды. Мәселен, қыс кезінде Алматыдағы ЖЭО-лардың бірі істен шықса, инфляция мәселесі екінші кезекке ысырылады. Екібастұз мысалы – соның айғағы», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, инфляцияны қысқарту үшін дәстүрлі емес тәсілдерді қолдану қажет.
«Президент айтқан бейдәстүрлі тәсілдердің бірі – цифрлық теңгені енгізу. Біріншіден, бұл бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына ықпал етеді. Екіншіден, мемлекеттік шығыстарға қатаң бақылау енгізіледі. Үшіншіден, шұғыл реформалар қолға алынуы тиіс. Инфляцияны шектеу арқылы уақыт ұтуға болады, бірақ бұл ұзақмерзімді шешім емес. Табиғи түрде инфляцияны төмендететін факторлар болуы тиіс. Ол үшін инфрақұрылымдық жобалар қажет», – деді Расул Рысмамбетов.
Сарапшы Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы коммуникацияның ашық болуы да аса маңызды екенін атап өтті.
«Үкімет пен Ұлттық банк бұған дейін бірлескен мәлімдемелер жасайтынын айтқан. Меніңше, олар айына кем дегенде бір рет халыққа ашық ақпарат беріп отыруы тиіс. Қанша қаражат жұмсалды, не үшін жұмсалды, қандай нәтиже береді – бәрін нақты түсіндіру маңызды. Қоғаммен байланыс – басты құрал», – деді ол.