Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа экономикалық даму кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеп, ел алдында тұрған басты міндет – жаңа экономикалық модельге көшу екенін айтты. Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық ахуалдың күрделенуі бұрынғы тәсілдермен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
«Бұл – стратегиялық маңызы айрықша міндет. Оны жедел жүзеге асыру үшін жаңа тәсілдер мен жаңа ұстанымдар қажет. Бұрынғы жұмыс әдістері енді тиімді болмайды», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан тұрақты даму бағытын сақтап келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім алғаш рет 300 миллиард долларлық межеден асты. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға жетті. Сонымен қатар, инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеп, қаржы жүйесінің тұрақтылығы қамтамасыз етілді.
Президент жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің қабылдануы мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін түбегейлі жаңартқанын айтып, бұл шешімдердің жаңа экономикалық модельдің негізін қалағанын жеткізді.
Өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер бар. Мемлекет басшысының мәліметінше, елімізде көлік, тұрмыстық техника, жүк вагондары, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Тек 2023–2025 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды.
«Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз», – деді Президент.
Қазірдің өзінде аталған жобалардың нәтижесінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Қалған жобалар толық іске қосылғанда тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі тарихи деңгейге жеткенін де айтты. Бүгінде еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығы осы секторда жұмыс істейді. Соңғы бес жылда бұл саладағы жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 миллион адамға жетсе, жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Өткен жылы ғана «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Мемлекет басшысы құрылыс, ауыл шаруашылығы және фармацевтика салаларындағы жетістіктерге де тоқталды. Былтыр елімізде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл тарихи рекордқа айналды. Ал ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін биыл 12 ірі жоба іске асырылады.
Агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген жеңілдетілген қаржының арқасында шаруалар алғаш рет жылдық 5 пайызбен ұзақмерзімді несие алуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде саланың жалпы өнімі 10 триллион теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы экспорты соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.
Президент экономиканы әртараптандыру мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстың ел болашағы үшін шешуші маңызға ие екенін айтты.
«Әртараптандыру – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес. Бұл – өте күрделі әрі жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асып, қаржының басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым салаларына бағытталған.
Президент «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бұл жобаның Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық әрі іскерлік хабқа айналдыруға ықпал ететінін жеткізді.
«Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабына айналдыруды көздейді. Орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделін қалыптастыруымыз керек», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.