Екібастұзда жүк көлігі әйел мен баланы қағып кетіп, салдарынан жаяу жүргінші ауыр жарақат алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 24 мамыр күні болған. Алдын ала дерек бойынша, ГАЗ маркалы жүк көлігінің жүргізушісі артқа қарай қозғалу кезінде баламен бірге келе жатқан әйелді қағып кеткен.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылып, тергеу амалдары басталды.
Жарақат алған әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, ол көптеген дене жарақаттары мен бірнеше сүйек сынуымен жансақтау бөліміне түскен. Жағдайы тұрақтанған соң травматология бөліміне ауыстырылған. Қазіргі таңда оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, қажетті ем-дом жалғасуда.
Сонымен қатар, Астанадағы Сарайшық ауданында жеңіл көліктің өртенуінен бес адам зардап шекті. Олардың арасында бір бала бар. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.