АҚШ-та сот бірнеше жыл бойы құпия сақталған Джеффри Эпштейнге қатысты жұмбақ жазбаны алғаш рет жария етті. Бұл құжат оның түрмеде өзіне қол жұмсамақ болды делінген оқиғадан кейін табылған, деп хабарлайды Associated Press.
Жазбаны жариялау туралы шешім сотқа The New York Times басылымы өтініш жасағаннан кейін қабылданған. Құжат Эпштейннің бұрынғы камералас серігі Николас Тартаглионеге қатысты іс материалдарының арасында болған. Тартаглионе – төрт адамды өлтіргені үшін сотталған бұрынғы полиция қызметкері.
Оның айтуынша, ол бұл жазбаны 2019 жылдың 23 шілдесінде болған оқиғадан кейін кітаптың ішінен тауып алған. Сол күні Эпштейн камера еденінде мойнына төсек жаймасының жолағы оралған күйде табылған еді. Ал шамамен үш аптадан кейін қаржыгер Манхэттендегі федералдық түрмеде өлі күйінде табылды.
Жарияланған жазбада мынадай сөздер жазылған:
"Мені бір ай бойы тергеді – ештеңе таппады!!! Қоштасу уақытын өзің таңдаудың қандай керемет екенін білесің бе?! Сендер менің не істегенімді қалар едіңдер – жылағанымды ма?! Бұдан ешқандай ләззат жоқ. Оған тұрмайды".
Алайда бұл мәтінді нақты кім жазғаны әлі күнге дейін белгісіз. Жазба Эпштейннің өлімі туралы ресми есептерде көрсетілмеген және АҚШ Әділет министрлігі бұған дейін жариялаған материалдардың ішінде де болмаған.
Түрме құжаттарына сәйкес, шілдедегі оқиғадан кейін Эпштейннің мойнында іздер мен тері тітіркенуі анықталған. Кейін ол өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін жоққа шығарып, суицид оның діни сенімдеріне қайшы екенін айтқан.
Эпштейн 2019 жылдың 10 тамызында Манхэттендегі федералдық түрмеде өлі табылды. Ресми нұсқа бойынша оның өліміне себеп – суицид. Алайда Эпштейннің қазасына қатысты жағдайлар әлі күнге дейін түрлі даулар мен қастандық теорияларының өзегіне айналып келеді.