Ақтөбе қалалық соты әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде ұлттық және діни құндылықтарға қатысты қорлайтын мәлімдемелер жасаған, домбыраны қорлаған Азат Қонысқа қатысты үкім шығарды. Сот оны діни алауыздықты қоздыру бабы бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 35 жастағы Азат Қонысқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушы Мадина Тасмағамбетованың айтуынша, сотталушы TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында қазақтың ұлттық аспабы – домбыра туралы қорлайтын пікір айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қатысты да балағат сөздер қолданған.
– Тікелей эфир кезінде ұлттық және діни алауыздықты қоздыру мақсатында қазақтың екі ішекті аспабы – домбыраны ер адамның мүшесіне теңеген. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын «тозақтың иттері» деп атап, жануарға теңеген. Осылайша Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігімен көзделген құқықбұзушылық жасаған. Сот талқылауы барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, – деді прокурор.
Жарыссөз кезінде Азат Қоныс өзіне тағылған айыптарды мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.
– Мен өз ісіме өкінемін. Тікелей эфир кезінде «домбыра – ібілістің мүшесі», «діни басқарма имамдары – тозақтың иттері» деп айтқанымды мойындаймын. Қазақ халқынан кешірім сұраймын. Бас бостандығымнан айырмай, шектеу жазасын тағайындауды сұраймын, – деді ол.
Алайда сот айыпталушының әрекеттерін қоғамға қауіпті деп бағалап, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
– Азат Қоныс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін, – деп үкім шығарды судья Ж. Қайболдин.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы ұлттық, діни, рулық, нәсілдік немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.