Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі "Digital Qazaqstan" жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды.
Жаңа стратегия Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге, мемлекеттік қызметтерді одан әрі автоматтандыруға, экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған. Құжатта цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректерді басқару жүйесін жетілдіру, киберқауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ ІТ-мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану еңбек өнімділігін арттырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартып, бизнес-процестерді оңтайландыруға және жаңа технологиялық жобалардың дамуына серпін беруі тиіс.
Алайда, цифрландырудың қарқынды жүруі дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және еңбек нарығындағы өзгерістер сияқты жаңа сын-қатерлерді де алға шығарады. Сондықтан стратегияны іске асыру барысында технологиялық жаңғыру мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды болмақ.
"Digital Qazaqstan" стратегиясы алдағы жылдары Қазақстанның цифрлық экономикасын қалыптастырудағы негізгі бағыттардың біріне айналып, елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Айтпақшы, біз бұған дейін осы тақырыпқа орай мәселе көтеріп, "Мемлекет неге азаматтардың дербес деректерін қорғай алмай отыр?" деп сауал тастаған едік. Ендігі үміт "Digital Qazaqstan" жалпыұлттық стратегиясында...