Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер Бақытжан Базарбекке қатысты сот шешімін орындау мәселесі көтеріліп жатыр. Әңгіме Батыс Қазақстан облысында болған даулы іске қатысты екен. Бұл туралы "Мой город" басылымы жазды,- деп хабарлайды kznews.kz.
Орал қаласындағы "Циолковский" тұрғын үй кешеніне байланысты дау аясында кәсіпкерлер Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке қатысты сот шешімінің орындалуын талап етіп отыр.
Кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын заңгер Светлана Клёнинаның мәліметінше, сот актісі заңды күшіне енгеніне қарамастан, депутат оны әлі күнге дейін орындамаған. Жеке сот орындаушысы Миржан Ахметовтың сотқа жолдаған ұсынысында сот шешімінің орындалмай келе жатқанына 593 күн болғаны көрсетілген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот актісін орындауды кешіктірген әр күн үшін 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өсімпұл қарастырылған. Есеп бойынша, жиналған өсімпұл көлемі 4,7 млн теңгеден асқан.
Алайда, жеке тұлғалар үшін өсімпұлдың шекті мөлшері 360 АЕК-пен шектелетіндіктен, сот орындаушысы соттан заңда көзделген ең жоғары сома - 1 млн 557 мың теңгені өндіріп беруді сұраған.
Заңгердің айтуынша, талапкерлер сот шешімі өз еркімен орындалады деп күткен. Алайда, нәтиже болмаған соң, мәселені қайта көтеруге мәжбүр болған.
Сонымен қатар, Светлана Клёнина Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атына жүгінгенін, бірақ депутаттарға қатысты сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату олардың құзыретіне кірмейтіні жөнінде жауап алғанын мәлімдеді.
Жалпы, талапкерлер тарапы "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заң барлық азаматтарға бірдей қолданылуы тиіс деп санайды. Осыған байланысты олар депутат Бақытжан Базарбекке қатысты заңда қарастырылған қаржылық санкцияларды қолдануды талап етіп отыр.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта жеке сот орындаушысы Миржан Ахметов сотқа депутаттан өсімпұлды мемлекет кірісіне мәжбүрлеп өндіріп алу туралы талап арыз берген.