Депутат Ерлан Саиров ру атауын брендке жазғыштарға қарсы шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Саировтың сөзінше, жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда.
Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті. Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті.
- Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді, дейді Саиров.
Депутат шығармашылық бостандық қажет екенін айтады.
- Бірақ творчестволық бостандық мына алай-дүлей заманда, ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс. Жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Данышпан Абай «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп бекер айтпаған, дейді ол.
Саиров рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін – қауіпті құбылыс екенін айтады.
Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс жасады:
Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды түрде іске асыру қажет.
«Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек.
Мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуге тиіспіз.