Елімізде соңғы үш жылда шамамен 7 мың кәмелетке толмаған бала қылмыс жасаған. Оның әрбір екіншісі ауыр немесе аса ауыр санатқа жатады екен. Бұл деректер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда шамамен 2,5 мың жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңға жуығы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Биыл буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.
Әрине, статистика бойынша қылмыстың азаюы назар аударуға тұрарлық көрсеткіш. Бірақ, бұл дерекке қарап, балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді деуге бола ма?
Бас прокуратураның мәліметінше, өткен он айда 19 мың профилактикалық рейд өткізіліп, 4 мың жасөспірім есепке алынған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарынан 2 400 бала анықталып, 304 кафенің алкоголь сату лицензиясы кері қайтарылған.
Бұл шаралар заң талаптарының орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Алайда, рейд саны мен есепке алынған жасөспірімдер саны профилактиканың түпкі нәтижесін толық көрсетпейді. Мәселен, полицияның профилактикалық есебіне алынған 4 мың жасөспірімнің қаншасы кейін құқық бұзушылық жасауды тоқтатты деген сауалдың басы ашық қалып тұр.
Балалар омбудсмені Динара Закиеваның мәліметі бойынша, қайталанып анықталған жағдайларды қоса есептегенде, 800 мыңнан астам бала көмекке мұқтаж екен. Бұл санаттағы балалардың бәрі құқық бұзушылық жасау қаупінде немесе қиын жағдайға тап болған деген сөз емес. Сондықтан бұл көрсеткішті түсіндіргенде есептеу әдістемесі мен көмекке мұқтаждықтың түрлерін ажырату маңызды.
Осы жерде биыл буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскені де назар аударуды қажет етеді. Бірақ, өтініш санының өзі буллингтің нақты таралу деңгейін анықтамайды. Ол балалардың көмек сұрауға дайындығына, хабарлау арналарының қолжетімділігіне және әрбір өтінішті тіркеу тәртібіне де байланысты көрінеді. Сондықтан өтініштердің көбеюін бірден жағдайдың нашарлауы, ал азаюын мәселенің шешілгені деп те бағалауға болмайды-мыс.
Айтпақшы, буллинг пен зорлық-зомбылық әрекеттері жасөспірімдердің өзара әрекеттерінде ғана емес, үлкендер тарапынан да болып отырғаны жасырын емес. Мысалы, Абай облысының Аягөз ауданында ерекше күтімді қажет ететін балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасаудың жүзден астам дерегі анықталды. Бұл да прокурорлық тексеру барысында белгілі болған. Алдын ала мәлімет бойынша, орталықтың санитарлары балаларға күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен. Сондай-ақ, кейбір қызметкерлер заңсыз әрекеттерді көре тұра, оларды тоқтатуға шара қолданбаған.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Іске қатысы бар қызметкерлер жұмыстан уақытша шеттетіліп, олардың балалармен байланысуына шектеу қойылған.Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр екен.