KZNews.kz
Қоғам

Депутат: Полиция президенттің тапсырмасын елемей отыр — Нұрайдың өлімінен кейін видео тарады

Торғын Абушахман
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Нұрай Серікбайдың қаза болғаннан кейін интернетте тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Видеода қыздың өз еркімен жас жігітпен бірге кеткенін айтқаны көрсетілген. Бұл бейнежазбаны полиция қызметкерлері Нұрайдың тірі кезінде, оның өздерімен байланысқа шыққан сәтінде түсіргені хабарланды, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, аталған видеоны жариялау — президент тапсырмасын әдейі орындамаудың белгісі және қылмыстық іс материалдарының сыртқа шығуына жол берілген.

«Полиция қызметкерлері үш ай бұрын түсірілген видеоны таратып отыр. Үрейдегі күйдегі қыз қылмыскерді ақтап сөйлеп тұр. Шымкент полициясы президенттің тапсырмасын әдейі орындамай отыр. Қылмыстық істегі процессуалдық видео — дәлел зат әдейі сыртқа шығарылған», — деді Мұрат Әбенов.

Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов те видеожазбаның жариялануына байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, тергеу құпиясына байланысты барлық жайтты ашық айту мүмкін емес, алайда видеоны түсіру жағдайы мен полиция тарапынан болуы мүмкін заңбұзушылықтарға қатысты «материал жеткілікті».

Адвокат істі соңына дейін жеткізуге уәде беріп, кейін қоғамға барлық мән-жайды жариялайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткені туралы ақпарат тараған. Кейіннен қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті 2023 жылдың қазан айында Нұрайды еркінен тыс алып қашқан. Бұл жағдайға қыз да, оның ата-анасы да қарсы болып, полицияға шағымданған. Алайда күдікті уәде бергеннен кейін Нұрай кешірім жасаған. Соған қарамастан, ол қыр соңынан қалмаған.

Туыстары кейін полиция мен прокуратураға қайта шағымданғанымен, олардың айтуынша, құзырлы органдар тарапынан нақты әрекет болмаған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде «егер құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет еткенде, адам өлімі болмас еді» деген пікірлер кеңінен тарады.

Торғын Абушахман
Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →