Жолдардан саябақтарға дейін: қазақстандықтар өзгерістерді көріп, инфрақұрылымның одан әрі дамуын күтеді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Депутат мектептерде амандасу әдебін енгізуді ұсынды

Депутат мектептерде амандасу әдебін енгізуді ұсынды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Мәдениет және ақпарат министрі А.О. Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдап, мектептерде амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмысының тұрақты бөлігі етуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, мәдениет тек концерт, театр немесе музеймен шектелмейді. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан және қоғамдағы әдеп нормаларынан көрінеді.

Ерлан Сайыров амандасу мәдениетін ұлттық бірегейліктің маңызды элементі деп атап өтті. Оның сөзінше, қазақ қоғамындағы сәлемдесу дәстүрінің негізінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу және туыстық байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр.

«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», – деді депутат.

Ол бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие шарасы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

Осыған байланысты депутат министрліктерге бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді және оны мектептердегі күнделікті тәрбие жұмысына енгізуді сұрады.

Сонымен қатар сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-аналармен жұмыс және педагогтердің жеке үлгісі арқылы амандасу мәдениетін қалыптастыру тетіктерін қарастыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, ұлттық әдеп нормаларын мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру жүйелеріндегі тәрбие жұмысына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі