Саясат

Депутат бір палаталы Парламентке қатысты референдум қашан өтуі мүмкін екенін айтты

Депутат бір палаталы Парламентке қатысты референдум қашан өтуі мүмкін екенін айтты
Видеодан алынған скрин

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құспеков Мемлекет басшысы көтерген бірпалаталы Парламент құру бастамасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл – аяқ астынан шыққан шешім емес, соңғы жылдардағы саяси реформалардың заңды жалғасы.

«Біз соңғы кезеңде әділ саяси жүйені қалыптастыру бағытында үлкен қадамдар жасадық. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді, азаматтардың құқықтары кеңейді, сайлау институттары нығайды. Ендігі мақсат – заң шығару ісін тиімді етіп, Парламенттің жұмысын шынайы жаңғырту», – деді депутат.

Құспековтің айтуынша, бұл бастама кулуарлық деңгейде емес, ашық талқылауға ұсынылғаны маңызды.

«Президент бұл мәселені бүкіл қоғамның, сарапшылардың, саяси партиялардың қатысуымен қарастыруды ұсынды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының айқын көрінісі», – деп атап өтті ол.

Депутат Мемлекет басшысының ел үшін маңызды шешімдерді тек референдум арқылы қабылдау жөніндегі уәдесін де еске салды. Оның пікірінше, бұл алдағы өзгерістердің заңды әрі әділ болуына кепілдік береді.

«Айта кетерлігі, бұл асығыс шешім емес. Президенттің айтуынша, талқылауға кемінде бір жыл уақыт қажет. Яғни, референдум шамамен 2027 жылы өтуі мүмкін, әрі ол қазіргі Парламенттің өзінде талқыланып барып қана ұсынылады. Бұл – ойланылған, салмақты қадам», – деді Құспеков.

Сонымен қатар ол бірпалаталы Парламентті партиялық тізімдер арқылы қалыптастыру ұсынысын да қолдады. Оның айтуынша, мұндай тәсіл жаңа және жас партияларға мүмкіндік беріп, саяси бәсекені күшейтеді.

«Нәтижесінде Парламент шын мәнінде халықтың түрлі пікірін, көзқарасын білдіретін өкілді органға айналады», – деді депутат.

Құспековтің пайымдауынша, бұл бастама еліміздің саяси жүйесін жеңілдетіп, оның тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Екі палаталы құрылым белгілі бір кезеңде өз рөлін атқарды. Енді қоғам жаңа талап қояды: икемді, ашық, халыққа жақын Парламент қажет. Бұл ұсыныс саяси реформалардың аяқталғанын емес, олардың жаңа кезеңге шыққанын білдіреді. Жаңарған Қазақстанға жаңаша Парламент керек. Ал оны құру – бүкіл халықтың еркімен, ашық талқылау мен референдум арқылы жүзеге асуы тиіс», – деді ол.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz