Алдағы демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды kznews.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, демалыс күндері - 20-22 маусым аралығында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ел аумағының көп бөлігінде қысқа мерзімді жауын-шашын күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, жел күшейіп, кей өңірлерде бұршақ жаууы мүмкін. Ал 21-22 маусым күндері батыс аймақтарда қатты жаңбыр жауады.
«Еліміздің басым бөлігінде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні күшейіп, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады. Ауа температурасы кей жерлерде 30-38 градусқа дейін көтеріледі.
21-22 маусымда республиканың солтүстік-батысында және орталығында күн қатты ысып, ауа температурасы 40-41 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр.
Ал батыс өңірлерде керісінше, ыстықтың беті қайтып, ауа температурасы 22-33 градус аралығында болады.