Танымал актер Жанболат Найзабеков анасының көру қабілетіне байланысты отбасында болған ауыр сәттерді еске алды. Өнер иесі бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтып, анасының орындалмай қалған арманы туралы да бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл жағдай актерге ауыр тиген. Ол жақынына көмектескісі келгенімен, қолынан ештеңе келмегендей күй кешкенін жеткізді.
«Бесінші ұлым дүниеге келген кезде анам үйге келді. Залда отырып: “Немеремнің даусын естимін, бірақ өзін көре алмай отырмын. Түк көрмеймін” деді. Сол сәтте қатты қиналдым. Бірдеңе жасағым келеді, бірақ қолымнан ештеңе келмейтіндей сезіндім. Бұл да бір сынақ», – деді Жанболат Найзабеков.
Өнер иесі анасының көзіне қатысты әкесінің сөздерін де еске алды. Оның айтуынша, әкесі көз дәрігері болғанымен, жарының көру қабілетінің нашарлауына дәрменсіз болған.
Жанболат Найзабеков анасының көптен бері армандаған Дубайға сапары туралы да айтып берді. Анасы жағдайы жақсарған кезде ұлының оны шетелге апаруын қалаған.
«Анам “Балам, байыған кезде Дубайға апаршы” дейтін. Мен “апарамын” деп жауап беретінмін. Қазір апаруға мүмкіндігім бар. Бірақ анам оны көре алмайды. Адамның амалсыз қалуы деген осы шығар», – деді ол.